1 қаңтардан бастап Қазақстанда қандай базарлар жабылуы мүмкін екені айтылды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 15:25
- 1

Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті төраға орынбасары Ернұр Жаутікбаев ОКҚ брифингінде базарларды жаңғырту жұмыстарының аяқталу мерзімдері туралы еске салды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
«Жаңғырту жұмыстарын аяқтау мерзімі үш рет кейінге қалдырылды – 2018, 2021 және 2023 жылдары. Кейін депутаттар заңнамалық түрде соңғы мерзімді – 2026 жылғы 1 қаңтарды бекітті. Енді мерзімдер ұзартылмайды», – деді Ернұр Жаутікбаев.
Оның айтуынша, жалпы соңғы төрт жылда 156 базар жаңғыртылды.
«Жаңғыртудан өтпеген базар иелеріне қатысты 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Талаптарға сәйкессіздік анықталған жағдайда материалдар сотқа жіберіліп, базарлардың қызметін уақытша тоқтату немесе толықтай жабу шаралары қолданылады», – деп еске салды спикер.
Сонымен қатар, Сауда министрі Арман Шаққалиев бұған дейін елде базарларды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын да еске салған болатын. Бұл жұмыстар сауда орындарында бейберекеттікті болдырмау және олардың көлеңкелі экономиканың орталығына айналмауы үшін жасалып жатыр.
Бұған дейін 2025 жылы Алматыдағы 38 базардың ішінен 10 базар жаңғыртудан өтетіні хабарланған еді, жұмыстар ағымдағы жылдың желтоқсанына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Жаңарту «Арлан», «Батыр», «Тұлпар», «Арыстан», «Жібек Жолы», «Азия», «Тау Самалы», «Береке», «Сауда Кент» және «Сарыарқа» базарларын қамтиды.
Алматы қаласының Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасында жаңа егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларында сауда кеңістіктерін айтарлықтай жаңарту қарастырылғаны айтылған.
Сондай-ақ өткен жылдың басында Сауда министрі Қазақстанда фермерлердің базарларға шығуына кедергі келтіретін «базарлық мафияның» бар екені туралы да мәлімдеген болатын.