Басты жаңалықтар
Мақпал Жүнісова әріптесі Роза Рымбаеваның өзін «той әншісі» деп айтуды ұсынды
- автор kyn.kz
- 17 шілде, 2018
- 686
Әнші халық әртісі Роза Рымбаеваның тойда ән салғанын өз көзімен көргенін айтты.
Халық әртісі Роза Рымбаева Ернар Айдар мен «Славян базары» байқауында бірінші орынды иеленген Ернар Садырбаевты өзара салыстырып, екеуінің музыкалық деңгейінің жер мен көктей екенін атап өткен-ді. Алайда эстрада жұлдыздарының көпшілігі бұл пікірмен келіспейтін болып шықты, деп хабарлайды Kyn.kz ақпарат агенттігі Айта берсін бағдарламасына сілтеме жасап.
Осы орайда Мақпал Жүнісова Роза Рымбаеваның тойда ән салып жүргенін өз көзімен көргенін айтып, әріптесін де «той әншісі» деп атауды ұсынды.
«Тойдың әншісі немесе сахнаның әншісі деп бөлуге болмайды. Жалпы тойда болған халық концертке де келеді. Сонда тойға келген халықтың деңгейі төмен деп айтуға бола ма? Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы. Қаншама біздің жақсыларымыздың, аналарымыздың сексен, тоқсан жылдығы, алтын тойы өтіп жатады. Сонда сол кісілердің деңгейінің төмен болғаны ма? Неге біз ол жерге барғанымызды намыс деп санауымыз керек. Жалпы Роза апамыздың әңгімесі дұрыс әңгіме емес. Ол кісі де тойға барып өлең айтып жүр. Талай тойда өз көзіммен көрдім. Онда біз де ол кісіге «сіз тойдың әншісі» деп айтайық», - дейді жұлдыз.
Сондай-ақ, Мақпал Жүнісова жастарға өзінің бір ғана талабы бар екенін айтып өтті. Ол – ән мәтініне былапыт, боғауыз сөздерді араластырмау.
«Жастарымыз былапыт сөздер араласқан өлең айтпаса болды деп ойлаймын. Көңіл көтеретін отырыстарда, мерекелік концерттерде өлең айтып жүрген жастарды жоққа шығаруға болмайды. Бұл менің жеке ойым. Бұған халқымның қаншалықты келісетінін білмеймін. Артық айтсам, кешірім өтінемін. Қазір боғауыз сөздер араластырып ән айтып жүргендер де бар. Соларға жол көрсетіп, оларды жөнге салуға болады. Ернар Айдардың дикциясы өте жақсы. Қазақтың әрбір сөзін нық, дұрыс айтады. Талпынып жүрген еңбекқор бала екенін де атап өтуім керек. Сондықтан да бірден ол баланы жоққа шығаруға болмайды. Бәріміз де жас болдық, бірде бар, бірде жоқ болдық демекші, сыйласып өткенге не жетсін», - дейді әнші.
Автор: Kyn.kz