Полиция азаматтарға “төлеуге“ болмайтын айыппұлдар туралы ескертті
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 10:51
- 105

Полиция интернет-алаяқтар нысанына автокөлік иелері іліге бастағанын ескертті, - деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Алаяқтар жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін жалған айыппұлдар жібереді.
"Қаскөйлер автокөлік иелеріне электрон пошта немесе мессенджерлер арқылы хаттар мен хабарламалар жібереді. Онда жүргізушінің жеке деректері, көлік нөмірі және "айыппұлды төлеуге арналған" сілтеме көрсетіледі. Алайда бұл – фишингтік шабуыл. Егер адам банк картасының деректерін енгізсе, алаяқтар оның есепшотына қол жеткізеді. Кей жағдайларда сілтемелер арқылы жеке деректерді ұрлайтын вирустар да таралады. Мұндай шабуылдар АҚШ пен Ресейде тіркелген, ал енді олардың Қазақстанда таралу қаупі бар", – деді Алматы ПД киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев.
Полиция ресми айыппұл туралы хабарламалар тек 1414 қысқа нөмірінен келетінін және онда төлем жасауға арналған сілтемелер көрсетілмейтінін ескертті.
Айыппұлдарды egov.kz, qamqor.gov.kz сайттарында немесе банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексеруге болады.