Алматы облысында темекі ұстаған әйелге 412 860 теңге айппұл салынды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 08:32
- 43

Алматы облысында кәсіпкер әйелге 412 860 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Оның дүкенінен таңбаланбаған темекі өнімдері табылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Алматы облыстық сотының ресми Telegram-арнасында жарияланды.
Әкімшілік құқық бұзушылық ісі ҚР ӘҚБтК-нің 283-бабы 2-бөлігі бойынша Еңбекшіқазақ аудандық сотында қаралды. Іс материалдарына сәйкес, Рахат ауылындағы дүкеннің иесі 2025 жылдың қыркүйек айында белгісіз адамнан 382 қорап темекі өнімін сатып алған.
ҚР Салық кодексіне сәйкес, таңбалануы міндетті акциздік тауарларды таңбасыз сақтау, сату немесе тасымалдауға тыйым салынады. Мұндай бұйымдарды айналымға шығаруға болмайды, ал бұзушылық анықталған жағдайда жауапкершілік қарастырылған.
Сот отырысында кәсіпкер әйел кінәсін толық мойындап, барлық мән-жайды растады. Сот оның кінәсін мойындауы мен кәмелетке толмаған баласының барын жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде есептеп, айыппұл сомасын 30%-ға төмендетті.
Сот шешімімен әйелге 412 860 теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал таңбаланбаған темекі өнімдері тәркіленіп, жойылатын болды. Шешім заңды күшіне енді.