Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Семейде қала әкімі Әділет Қожанбаев қаладағы көмір сату нысандарын аралады

Семейде қала әкімі Әділет Қожанбаев қаладағы көмір сату нысандарын аралады
egov.kz
Қала әкімі Әділет Қожанбаев таңғы уақытта қаланы аралап, көмір сататын нысандардың жұмысымен танысты.

Қыс маусымының таяп қалғанына байланысты еліміздегі барлық өңірлерде көмір мәселесі өзекті тақырыпқа айналып отыр. Әсіресе, тұрғындар жылыту маусымына алдын ала қамдану үшін көмірдің бағасы мен қолжетімділігіне айрықша мән береді. Осыған орай Семей қаласының әкімі Әділет   Қожанбаев әлеуметтік маңызы бар көмір сату нысандарын аралап, ахуалмен танысты.

Сапар барысында әкім көмір қоймаларындағы баға тұрақтылығын, тасымал кестесін және тұрғындарға қызмет көрсету жағдайын жеке бақылап шықты. Ол ең алдымен «Қаражыра» кен орнынан жеткізілетін қатты отынның қоры жеткілікті болуы тиіс екенін атап өтті.

«Қала тұрғындарына көмір еш қиындықсыз, қолжетімді бағамен жетуі керек. Әкімдік тарапынан бағаның негізсіз өсуіне жол берілмейді. Біз үшін ең бастысы — тұрғындардың жылы әрі жайлы қысты өткізуіне жағдай жасау», — деді Әділет   Қожанбаев.

Әкімнің айтуынша, биыл Семейге шамамен 250 мың тоннаға жуық көмір қажет. Оның негізгі бөлігі «Қаражыра» кенішінен тікелей жеткізіледі. Қазіргі таңда қоймаларда көмір қоры жеткілікті, ал тұрғындарға сатылатын бағасы орта есеппен 19–21 мың теңге шамасында.

Сонымен қатар әкім қойма басшыларымен және тасымалдаушы компания өкілдерімен кездесіп, кезек мәселесін реттеу, көмір таситын көліктердің қозғалысын тиімді ұйымдастыру, электронды кезек жүйесін енгізу мәселелерін талқылады. Бұл шаралар көмір алу кезінде туындайтын ұзын-сонар кезек пен алыпсатарлықты азайтуға бағытталған.

Жергілікті тұрғындар қала басшысының бұл бастамасын оң қабылдады. Көпшілік әкімнің тікелей араласуы көмір бағасының тұрақтылығына және сапалы қызмет көрсетуге әсер ететінін айтады.

Сондай-ақ, Әділет   Қожанбаев жылыту маусымының басталуына дейін әлеуметтік нысандардың — мектептер мен балабақшалардың — отынмен толық қамтамасыз етілуін тапсырды. Арнайы жұмыс тобы күнделікті мониторинг жүргізіп, барлық шағынаудандар мен ауылдық округтердегі жағдайды қадағалайтын болады.

 Есте болса бір апта бұрын Семейде қала басшысы сайланды. Аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлау қорытындысы бойынша Әділет Қожанбаев 77,1% дауыс жинап, жеңіске жетті.

Әділет Қожанбаевтың қарсыластары Қаныш Төлеуов 10,8%, Айболат Бекжасаров 8,4% дауыс жинаса, 3,7% адам барлығына қарсы дауыс берген.

Айта кетейік, 12 қазан күні Семей қаласында еліміздегі алғашқы облыс орталығы деңгейіндегі әкім сайлауы басталған еді. Бастапқыда сайлау науқанына төрт кандидат қатысты. Алайда 7 қазан күні Қанат Шапатов Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық сарайының басшысы әрі қалалық мәслихат депутаты жеке себептермен өз кандидатурасын қайтарып алды. Осылайша, бюллетеньде үш үміткер қалды. Сөйтіп облыс орталығы басшысы сайлау арқылы алғаш рет айқындалды.

Жаңа әкімнің өмірбаяны, бұрын қандай қызметтерде болды:

Әділет Нұрсағатұлы Қожанбаев 1980 жылы 1 қаңтарда Семей облысы Көкпекті ауданы Биғаш аулында дүниеге келген.

Қазтұтынуодағының аң-терісі мех колледжін «Экономика, бухгалтерлік есеп және талдау» мамандығы бойынша бітірген. Тұран университетінің «Бухгалтерлік есеп және талдау», «құқықтану» мамандықтары бойынша бітірді. Мәскеу қаласындағы Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясында оқып, «Іскерлік әкімшілендіру шебері – Master of Business Administration (MBA)» біліктілігін алған.

Еңбек жолын 2000 жылдан бастап «Крамдсбанк» АҚ Семей филиалының тарату комиссиясында кредиттік қызметкер ретінде бастады.

2001 -2013 жылдары Алматы қаласындағы «БТА Ипотека» АҚ-да процессинг және кепіл мониторингі бөлімінің басшысы, кредиттік басқарманың басшысы, атқарушы директоры болған. 2013-2014 жылдары- «Темірбанк» АҚ Басқарма Төрағасының кеңесшісі, Семей қаласындағы Банк филиалының директоры қызметін атқарған.

2014 -2021 жылдары «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да операциялық департамент директоры, басқарушы директор, басқарма төрағасының орынбасары болса, 2021-2022 жылдары — «Қазақтелеком» АҚ Алматы қаласындағы сервистік фабрика – филиалының бас директоры лауазымын атқарды.

2022 жылдан 2024 жылдың 2 тамызына дейін — «Абай облысының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы, ал күні бүгінге дейін Көкпекті ауданының әкімі қызметінде болған.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар