Кәсіпкерлердің мәліметінше, бұл жағдайға Алматы қаласы әкімдігіне қарасты «Алматы паркинг» ЖШС себеп болып отыр. Аталған ұйым «Адем» сауда үйінің кіреберіс баспалдақтарын бұзуды талап етуде.
«Алматы паркинг» өкілдерінің айтуынша, бұл құрылымдар автотұрақ аумағын басып қалған. Алайда кәсіпкерлер бұған келіспейді. Олардың айтуынша, автотұрақ аймағы тротуардың жиектасымен ғана шектеледі, ал баспалдақтар тротуардан тыс, «Адем» сауда үйіне тиесілі жер телімінде орналасқан.
> «Кіреберістер ғимаратпен бірге 2002 жылы салынған және сол жылы пайдалануға берілген. 23 жыл бойы бұл нысандар ешқандай дау туғызған жоқ. Барлық құрылыс заңды және тиісті құжаттармен расталған», – дейді кәсіпкерлер.
Мәселе бұған дейін бірнеше рет талқыланып, Жетісу ауданы әкімдігінде өткен отырыста тараптар өзара келісімге келген болатын. Сол кезде «Адем» және «Алматы паркинг» арасында медиациялық (бейбіт) келісімге қол қойылған. Құжатта «Адем» сауда үйінің кіреберістеріне қатысты ешқандай талап қойылмайтыны нақты көрсетілген.
Алайда кәсіпкерлердің айтуынша, соңғы уақытта «Алматы паркинг» бұл мәселені қайта қозғап, кіреберіс құрылымдарды бұзуға бағытталған әрекеттер жасап жатыр.
> «Мұндай шешім жүзеге асса, бұл мыңдаған кәсіпкердің жұмысына қауіп төндіреді. Біз несие төлеп отырмыз, отбасыларымыз бар. Мұндай жағдай әлеуметтік шиеленісті күшейтіп, экономикалық қиындықтар туғызады», – дейді саудагерлер.
Осыған байланысты «Адем» сауда үйінің кәсіпкерлері Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының атына ашық хат жолдады. Хатқа шамамен 200-ге жуық кәсіпкер қол қойған.
Кәсіпкерлер қала басшысынан бұл жағдайға назар аударып, жан-жақты тексеру жүргізуді, сондай-ақ қалалық құрылымдардың заңсыз әрекеттерін тоқтатуды сұрап отыр.
Олардың айтуынша, «Адем» сауда үйі — Алматы қаласының ірі сауда нүктелерінің бірі, мұнда жүздеген дүкен мен қызмет көрсету орындары жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындар қала бюджетіне айтарлықтай салық түсімін қамтамасыз етіп, тұрғындарға күнделікті қажетті тауарлар мен қызметтер ұсынады.


