Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Жастар дәстүрлерді ескінің қалдығы деп қабылдайды»: ардагер ұстаз ұлттық құндылықтарды бойға сіңдіре білудің жолдарын көрсетті

«Жастар дәстүрлерді ескінің қалдығы деп қабылдайды»: ардагер ұстаз ұлттық құндылықтарды бойға сіңдіре білудің жолдарын көрсетті
Сурет: жеке парақшасынан
Ардагер ұстаз өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңірудің маңызын айтты.

25-қазан Республика күні, елдегі жалғыз ұлттық мейрам. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл күн жыл сайын аталып өте бастады. Бұл күннің маңыздылығын өскелең ұрпақтың бойында сіңіре білу әр қазақстандықтың міндеті. «KYN.KZ» ақпарат агенттігіне ардагер ұстаз, Білім беру ісінің үздігі. " Жаһандық құзыреттер" оқу-әдістемелік кешендерінің авторы Айсұлу Қасымбек Республика күні қарсаңында бұл күннің маңыздылығы мен еліміздің елеулі жетістіктерін айтып өтті.

– Айсұлу Асылханқызы, тәуелсіз Қазақстанның ең үлкен жетістігі деп нені атар едіңіз?

  • Тәуелсіз Қазақстанның ең басты жетістігі – дербес мемлекет ретінде әлемдік аренада өзіндік орнын қалыптастыруы. Тәуелсіздік -  қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы еді, сол мәртебеге қол жеткізу   ұрпақтан-ұрпаққа берілетін рух пен еркіндік құндылықтарының арқауы. Егемендік ұғымы елдік рух пен ұлтты сүю, құрметтеу сезімдері негізінде қалыптасатын өте терең мәнге ие. Елдің экономикалық, саяси және мәдени дамуы бойынша айтар болсам, Сарыарқада бой көтерген мемлекеттігіміздің жаңа келбеті болып  танылар Елордамыз, халықаралық ұйымдардағы белсенділік, бейбіт саясат ұстану. Сонымен бірге тәуелсіздік бізге ел тарихын терең тануға, Алаш арыстарының еңбегін қайта бағалауға нақты мүмкіндік берді. Бұл рухани еркіндік бастауы мен толыға беретін алып арнасы. Алайда ең үлкен жетістік тек мемлекет саясатының табыстарында емес, халықтың санасындағы өзгерістерінде болатынына да назар аудару керек.  Қазақ өз тілін, төл мәдениетін, тарихи жадысын қайта жаңғыртып, кім екенін ұғынатын, әлем тарихында өз орнын айқындайтын кезеңге жетті. Ұлттың рухани жаңғыруы, өткеніне құрметпен қарауы, болашағын сеніммен жоспарлауы тәуелсіздіктің басты жемісі деп есептеймін.
  • Мектеп пен отбасында рәміздерге құрмет сезімін қалай қалыптастыруға болады?
  • Рәміздерге құрмет сезімі тек талаппен емес, мәнді де мағыналы мазмұнда түсіндіру арқылы қалыптасады. Мысалы, отбасындағы ата-ананың елжандылық қасиеттері, рәміздік ұғымдарға мән беруі мен қастерлеуі  – балаға ерекше әсер ететін үлгі. Ата-анасы Әнұранды құрметпен тыңдап, Туды қадірлегенін көрсе, өзі де солай әрекет етеді. Мектепте патриоттық тәрбие жүйелі әрі жан-жақты жүргізілуі қажет. Әр рәміздің тарихы, авторлары туралы ақпарат түсінікті де әсерлі әдістермен жеткізілсе, балалар рәміздерді сезініп қабылдайды. Бұл жерде ұстаздар үлгісі басым болады. Тек салтанатты жиындармен шектелмей, сабақтағы интеграциялық жұмыстарды жүргізумен қатар мемлекет рәміздеріне деген құрмет әр ісінен сезіліп тұратын педагог тәлімі – оқушы өмірінен көрініс табатын тағылым өрнектері. Бастысы рәміздерге құрмет мәжбүрлеу емес, мақтаныш сезімінен туындауы керек. Мектеп те, отбасы да осы сезімді оятатын эмоционалдық тәрбиені дұрыс ұйымдастыра алса, нәтиже болады.
  • Қазіргі өскелең ұрпақ ұлттық дәстүрлерге қаншалықты қызығады деп ойлайсыз?
  • Қазіргі жастардың ұлттық дәстүрлерге қызығушылығы артып келеді. Олар жаңа форматта ұсынған дүниелерді жақсы қабылдайды. Жаңғырған салт, заманауи мазмұндағы этномәдени шаралар жастардың ықыласын аудара алады. Кейбір жастар дәстүрлерді ескінің қалдығы деп қабылдауы мүмкіндігін де жоққа шығара алмаймыз. Ондай көзқарастың туындауына түсіндіру жұмысының әлсіздігі немесе тікелей өмірмен байланыстырмау да себеп болады. Жастарға салттың мәнін сезіндіру үшін оның адам өміріндегі практикалық маңыздылығына көз жеткізілуі, көрсетілуі шарт. Егер дәстүрлер креативті түрде ұсынылып, жастардың қызығушылық ойларымен, оны қызықтыратын идеялар аймағымен тоғысса, ұлттық мұра мәңгі жасайды. Жастарға сенім арту керек деп ойлаймын, егер олар дұрыс бағытты көрсе, оның маңыздылығына көз жеткізсе, ұлттық рухтың ең берік қорғаушысына айналады деп сенемін.
  • Ұлттық құндылықтарды мектептегі тәрбиелік жұмысқа қалай енгізуге болады?
  • Ұлттық құндылықтарды тәрбиелік жұмысқа енгізу шынайы, мазмұнды, мәнді деңгейде жүргізілуі тиіс. Ұлттық құндылықтармен жұмыс  – ауқымды арна, маңызды тәрбиелік бағыттар. Ұлт құндылықтары - біздің күнделікті өмірімізде орын алатын құбылыстар, тіршілігімізге қатысты ұғымдар. Әр тәрбие сағаты ұлттың рухани мұрасымен байланыста, шынайы әрі түсінікті бағытта  ұйымдастырылуы керек. Балалар тек тыңдап қана қоймай, сол құндылықтарды іс жүзінде сезініп көруі маңызды. Сонда ғана олардың өз білімін өмірде қолдана білу тәжірибесі артады. Ол адам өміріне қатысты түсініктерден бастап, табиғат аясындағы тіршілік, қаржы саласындағы білім көзі, адами қарым-қатынас бағытын да қамтитын мол білім көзі екені шындық. Мысалы, халық ауыз әдебиеті, күй, ұлттық ойындар, қолөнер, тарихи тұлғалар арқылы тәрбиелік жобалар ұйымдастыру өте тиімді. Бұл баланың жас ерекшелігіне сай қызықты форматта өткізілуі керек. Сонда ғана ұлттық идея баланың жүрегіне жетеді. Мұғалімдер мен ата-аналар бір бағытта жұмыс істесе, нәтижесі әлдеқайда жоғары болады. Ұлттық құндылықтардың тәрбиедегі орны нақты әрекеттермен көрінгенде ғана оның шынайы ықпалы артады.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар