Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Қандай қорқынышты...»: Екібастұзда жаттықтырушы ерекше баланы ұрып-соғып, қинаған

«Қандай қорқынышты...»: Екібастұзда жаттықтырушы ерекше баланы ұрып-соғып, қинаған
Сурет: видеодан скриншот
Екібастұзда ерекше баланы жаттықтырушы ұрып-соққан.

Екібастұз қаласында ерекше балаларды емдейтін орталықтың қызметкері кішкентай қызды ұрып-соғып, қинаған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап. 

Желі қолданушысы таратқан видеода ер адам шамамен төрт-бес жасар баланы жатқызып, үстіне отырып алған. Қиналып, қашуға тырысқан сәбидің басынан ұрған.

«In.time.in орталығында балаларды осылай жаттықтырады. Бейнебақылау камерасы қосылып тұрғанына қарамастан, тәрбиеші қыз балаға осылай қатыгездік жасап отыр. Бұл нені білдіреді? Демек, ол мұндайды бұрын да істеген, ол үшін жазаланбаған, сондықтан бұлай істеуді әдетке айналдырған. Қандай қорқынышты... Бұған дейінгі жаттығуларда не болғанын елестетудің өзі қиын. Өкінішке қарай, өзге видеолар жарияланбай отыр», – деп жазды видео авторы.

Айтуынша, бала 30 минут бойы азапқа түскен.  

Болған оқиғаға байланысты Павлодар облысы бойынша баланың құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шакенова қылмыстық іс қозғалғанын атады.

«Барлық бейнежазбалар тәркіленіп, сотқа дейінгі тергеу аясында мұқият зерттеледі. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Баланың анасымен байланыстамын. Бала біртіндеп өз-өзіне келіп жатыр, оның психоэмоциялық жағдайы тұрақталып келеді», – деді ол.

Екібастұз қаласы әкімдігі де сотқа дейінгі тергеудің жүріп жатқанын хабарлады.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар