«Әке-шешесі ішімдікке салынған»: Алматы облысында 12 жастағы оқушының денесі үйінің ауласынан табылды
- автор Томирис Тоныкөк
- 29 қазан, 2025
- 1
Күні кеше үйінің ауласынан өлі күйде табылған жеткіншекті бүгін жақындары жер қойнына тапсырды. Қазір полиция суицидке итермелеу бабымен қылмыстық іс қозғады. Сорақысы сол, отбасының мүшкіл жағдайын қоғам белсенділері мен көршілері осыдан бірнеше ай бұрын айтып, дабыл қаққан еді. Бірақ жауаптылар еш әрекет етпеген көрінеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Аlmaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Саймасайда өз үйінде өзіне қол салған жеткіншектің өлімі кешелі бері қоғамды дүр сілкіндірді. Алматы облысындағы ауылда болған қайғылы жағдай жайлы алғаш болып қоғам белсендісі жазды. Алдын ала мәлімет бойынша, 12 жастағы бала ауладағы “ «тарзанка» деп аталып кеткен жіпке асылып, тіл тартпай кеткен. Бүгін жеткіншекті жақындары соңғы сапарға шығарып салды. Ал әлеуметтік желіде отбасы жайлы жазылған жазбаларды жақындары жоққа шығарды.
«Егер біреу «олар маскүнем, есепте тұр» деп жала жауып жүрсе, онда соны құжатпен дәлелдесін! Менің ағам мен жеңгем ешқандай да есепте тұрған жоқ. Ағам мүлде ішпейді, ішімдікке салынғандарды өзі жек көреді. Тексеремін десеңдер, кез келген уақытта сараптамаға баруға дайын. Ағам ішімдікке жоламайтын адам!» - дейді марқұмның туысы Елена Маматханова.
Жаға ұстатарлық жайт желіге тарағалы ауыл тұрғындары мен көршілер жарыса пікір білдірді. Марқұмның отбасындағы ахуал жайлы мектеп әкімшілігі мен ауылдағы жұрт хабардар еді. Былтыр ювеналды полицияға түскен анонимді хабарламадан кейін оларды тіркеуге енгізіпті. Бұл дегеніміз, жеткіншектің үйіне ай сайын мектептен комиссия келіп, тұрмысын қадағалауы тиіс болған. Алайда директор жанұяға шаң жуытпай отыр. Сөзіне сенсек, әке-шешесі ішімдікке салынған деген ақпар расталмаған. Білім ордасының комиссиясы соңғы рет марқұмның үйіне 17 қазан күні келген екен. Ал 27 қазанда оқушы көз жұмды.
«Отбасы сәтсіз отбасы ретінде тіркеуде тұр. Бұл – олардың тұрмыстық жағдайының санитарлық талаптарға сай келмеуіне байланысты. Әкімдікке әке-шешесі ішімдікке салынған деген хабарлама түскен. Біз ювеналды полиция және мектеп мұғалімдерімен бірге барғанда, бұл ақпараттың жалған екені анықталды. Дегенмен тұрмыстық жағдайы өте төмен, санитарлық нормалар сақталмаған. Бұл – ата-ананың жауапкершілігінің төмендігін көрсетеді», – деді А. Байтұрсынов атындағы орта мектептің директоры Назгүл Сарымбаева.
Марқұм 7-сыныпта оқыған екен. Үлгерімі нашар болыпты. Көршілердің айтуынша, бұл отбасы көптен бері қиын жағдайда өмір сүріп келген. Жұртшылық «анасы ішімдікке салынып, балалар өз бетімен жүретін» дейді. Айта кетерлігі, жанұяның жағдайын ауыл тұрғындары мен еріктілер осыдан бірнеше ай бұрын көтерген екен. Олар баланың жағдайына алаңдап, көмек көрсету үшін тиісті органдарға хабарласқанымен, нақты шара қолданылмаған деп отыр.
«Отбасының жағдайы мәз емес, ішімдікке салынған. Анасын жиі көремін — қолында үнемі бөтелке ұстап жүреді. Балалар өз бетімен жүреді, ешкім қарамайды. Кішкентай ұлы мектепке үнемі кір-қожалақ болып барады. Біз оларға бірнеше рет киім беріп те жібердік. Сол қайғылы күні де шешесі мас болған екен. Не болғанын ешкім нақты білмейді», - дейді көршісі Марина Луценко.
«Аталған факт бойынша қылмыстық іс тіркелді. Барлық тергеу әрекеттері Алматы облысы полиция департаментінің үйлестіруімен жүргізіліп, оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған», - делінген Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Баланың отбасындағы қиындықты мектеп те, ауылдастары да бұрыннан көріп-біліп жүргені белгілі болды. Бірақ тиісті шаралардың дер кезінде қабылданбағаны қынжылтады дейді жұртшылық. Қазір оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 105-бабымен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ұқсас жаңалықтар
2028 жылдан бастап SOS батырмасы жоқ көліктер тіркеуге алынбайды
- авторТомирис Тоныкөк
- 29 қазан, 2025



