Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Алматыда алғашқы қар жауды: бір түнде 17 жол апаты болды

Алматыда алғашқы қар жауды: бір түнде 17 жол апаты болды
Сурет: 1gai.ru
Алматыда түнде қар түсіп, бірнеше жол апаты тіркелді.

Алматыда түнде жауған қардан кейін оннан аса жол-көлік оқиғасы тіркеліп, бірнеше адам жарақат алған. Осы орайда полиция тұрғындар мен көлік жүргізушілеріне үндеу жасап, жолда сақ болуға шақырды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі қалалық ПД-ға сілтеме жасап.

Полицияның мәліметінше, Алматыда 4 қараша сағат 18:00-ден 5 қараша таңғы 06:00-ге дейін 17 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Абырой болғанда қаза болғандар жоқ, 6 адам жарақат алған.

Жол апатының басым бөлігі қашықтықты сақтамау, жылдамдықты дұрыс таңдамау және жол қозғалысына қатысушылардың алаңғасарлығы салдарынан болған.

"Алғашқы қардың жаууы әдетте жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін қиындық тудырады. Мұндай жағдайда жолдың беті тайғақ болып, тежеу жолы ұзарады. Дегенмен көптеген жүргізуші ауа райы мен жол жағдайын ескермей, бұрынғы жылдамдықпен қозғала береді.

Біз барлығын өте сақ болуға, жылдамдықты азайтуға, кенеттен маневр жасаудан аулақ болуға және жолдағы қауіпсіздік үшін әрбір адам жауапты екенін есте сақтауға шақырамыз", - деді Алматы қаласы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.

Полиция өкілдері көліктерді қысқы маусымға алдын ала дайындау, жүйелердің дұрыс жұмыс істеуін тексеру және жазғы дөңгелектерді қысқыға ауыстыру маңызды екенін атап өтті.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары, жаяу жүргіншілерге жолдан өтер кезде сақ болуды, жарық шағылыстырғыш элементтерді пайдалануды және жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтпеуді еске салады.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар