"Заңдастырғыларың келсе, 2 миллион теңге төлеу керек": Алматы облысында мемлекеттен берілген баспанаға қатысты дау шықты
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 10:09
- 1
Алматы облысында әлеуметтік осал топтағы отбасыларға мемлекеттен берілген үйлерге қатысты дау шықты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Пәтер кілті былтыр қараша-желтоқсан айларында әлеуметтік осал топтағы жандарға салтанатты түрде табысталған. Сол кезде жылдап кезек күткендер баспаналы болдық деп қуанған. Тұрғындардың айтуынша, бір жыл өткеннен кейін ай сайынғы жалдау ақысын төлеу керек екенін білген.
"Әкімдік салтанатты түрде құттықтап, кілтін ұсынды. Риза болдық, келдік. Жақында "келісімшартқа қол қойыңдар, жалға алынған пәтер" дейді. Ай сайын төлемі бар. "Егер заңдастырғыларың келсе, 2 миллион теңге төлеу керек". Біз не үшін кезекке тұрдық?" – деді облыс тұрғыны Жадыра Жанабаева.
Кілтті алғаннан кейін тұрғындар құжатын да сұрай бастапты. Бірақ жауаптылар түрлі сылтау айтып кейінге шегеріп келген көрінеді. Тек биыл ғана келісімшартты қолына ұстатқан. Сонда ғана баспананың сатып алу құқығымен жалға берілгенін білген.
"15 жыл не 7 жыл төлейсің, сосын құжатын қолыңа береміз" дейді. Егер ипотека болса, басында ескертсе, басқа жолын қарастырар едік. Қаладан үй алмаймыз ба? Көпбалалы деп кезекте не үшін тұрдық?", – дейді облыс тұрғыны Жұлдызай Шотбаева.
Ал жаңа үйдің кілтін табыстаған әкімдік өкілдері баспананың әу бастан-ақ сатып алу құқығымен берілген жалдамалы пәтер болғанын айтты. Бұл жайында жұртқа хабарлағанын жеткізді.
"Тұрғын үй ұсынған кезде толықтай бағдарламамен таныстырамыз. Шарттарын көрсетеміз. Естімей қалуы мүмкін емес. Мұның қайдан шыққан әңгіме екенін білмеймін. Заңдастыру үшін Тұрғын үй қатынастары туралы заң бойынша бастапқы 10 пайызын төлейді, қалғанын 15 жылға бөліп береді. Үйдің бағасы 21 миллион теңге", – деді аудандық ТҮКШ жәнеТҮИ бөлімінің бас маманы Жандос Балай.
Маманның сөзінше, тұрғындар желтоқсан айының соңына дейін бір жыл бойғы жалдау ақысын толығымен төлеуге міндетті. Ал халық әкімдіктің бұл уәжімен келіспейді. Сондықтан олар енді жауапты органды сотқа бермек ниетте.


