Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Қазақ Робин Гуды» аталып кеткен Ілияс Сәриевке сот үкімі шықты

«Қазақ Робин Гуды» аталып кеткен Ілияс Сәриевке сот үкімі шықты
Сурет: instagram.com/qazaq_robin_hood/
Блогер Ілияс Сариев бірнеше рет жасалған алаяқтығы үшін сотталды.

Алматы қаласында «Елге көмек» қорының жетекшісі, халық арасында «қазақ Робин Гуды» аталып кеткен блогер Ілияс Сәриевке сот үкімі шықты. Ол бірнеше рет жасалған алаяқтық үшін кінәлі деп танылып, үш жыл сегіз айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

4 желтоқсанда Алмалы аудандық сотында блогер Ілияс Сәриевке қатысты іс қаралды. Сот оны Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 3-бөлімі, 4-тармағы бойынша – «Қайталанып жасалған алаяқтық» дерегімен кінәлі деп тапты.

Судья Ернар Қасымбаев оған орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзету мекемесінде үш жыл сегіз ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Алғашқыда сот төрт жыл сегіз ай мерзім белгілеген. Алайда амнистия қолданылған соң жаза бір бесінші бөлікке қысқартылып, ақырғы мерзім үш жыл сегіз ай болып бекітілді. Ілияс Сәриевке қатысты 20 эпизод бойынша айып дәлелденбеді, алты эпизод бойынша кінәлі деп танылды.

«Амнистия аясында сот үш жыл сегіз айдан артық мерзім тағайындай алмайды – заңда мұндай мүмкіндік қарастырылмаған. Бұл – заңмен белгіленген ең жоғарғы шек. Сондықтан сот тым жеңіл жаза берді деп ойлаудың қажеті жоқ», – деді судья Ернар Қасымбаев.

Бұл іс бойынша екінші айыпталушы – Актоты Дүйсеева. Сот оған Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 74-бабына сәйкес жаза өтеуді кейінге қалдыруды қолданды. Бұл бап жас баласы бар әйелдерге осындай мүмкіндік береді.

Алғашқыда оған төрт жыл алты ай бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Амнистиядан кейін мерзім үш жылға қысқартылды. Жаза 2028 жылға дейін кейінге қалдырылды – сол уақытқа дейін оның баласы 14 жасқа толуы тиіс. Осы кезеңде ол пробациялық бақылауда болады.

Соңғы сөзінде Ілияс Сәриев көзіне жас алып, өзін қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұрады. Ал Ақтоты Дүйсеева кінәсін мойындап, жазасын кейінге қалдыруды және амнистияны қолдануды өтінді.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар