Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Медициналық көмек толық көрсетілмеген»: Тісін емдеу кезінде қайтыс болған 3 жасар қыздың өліміне қатысты кардиолог қорытындысы шықты

«Медициналық көмек толық көрсетілмеген»: Тісін емдеу кезінде қайтыс болған 3 жасар қыздың өліміне қатысты кардиолог қорытындысы шықты
Сурет: видеодан скриншот
Кардиолог Астанада тіс емдеу кезінде көз жұмған үш жасар қызға медициналық көмек көрсетілмегенін айтты.

Астанада стоматолог кабинетінде қайтыс болған үш жастағы Зере Есентайға толық медициналық көмек көрсетілмеген. Бұл туралы іске маман ретінде тартылған балалар кардиологы Рахима Мекенбаева жасаған қорытындыда айтылған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі kursiv.media сайтына сілтеме жасап.

2024 жылдың 30 қазанында үш жастағы қызға Астанадағы Dental Park Ortho стоматология клиникасында «Севоран» препараты салынып, наркоз жасалған. Бірнеше сағаттан кейін қыз оянбай қалған.

Артынша қылмыстық іс қозғалып, анестезиолог Аида Жұмағалиеваға кәсіби міндетін дұрыс орындамады деген айып тағылды.

Сотта балалар кардиологы Рахима Мекенбаева жасаған қорытынды оқылды.

«Пациент Зере Есентайға медициналық көмек толық көлемде көрсетілмеген. Стоматологияда тісін емдеместен бұрын пациентке толық тексеру жүргізілмеген. Баланың екі рет пневмониямен ауырғаны, тіс емдеу алдында ұзаққа созылған жөтелге қатысты шағымы талданбаған. Қан талдауларындағы өзгерістер де ескерілмеген», – делінген Мекенбаеваның жауабында.

Сондай-ақ құжатта анестезиолог Жұмағалиева баланы кеуде қуысының рентгенографиясы мен эхокардиографияға қосымша тексеруге жіберуі керек болғаны көрсетілген.

«Тісті емдеуге дейін учаскелік дәрігер пациентті аллергиясының бар-жоғын анықтауға жіберген, алайда талдау жасалмаған. Аллергия бар-жоғы көрсетілген талдау нәтижесі жоқ екеніне қарамастан, анестезиолог балаға «Севоран» препаратын салған. Бұған жол берілмеуге тиіс», – делінген құжатта.

2025 жылдың 2 желтоқсанындағы сот отырысына Dental Park Ortho құрылтайшысы әрі директоры Надежда Хон куә ретінде қатысты.

 «Дәрігердің айтуынша, қыздың тісін қарағаннан кейін, шамамен 9-11 тісін емдеу қажет деп жоспарланған. Стоматолог тағы кариес анықталғандықтан, 18 тісті емдеуді ұсынған», – деді Хон сотта.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар