Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Димаш Құдайберген БҰҰ жаһандық ізгі ниет елшісі болып тағайындалды

Димаш Құдайберген БҰҰ жаһандық ізгі ниет елшісі болып тағайындалды
Сурет: ашық дереккөздерден
Димаш Құдайбергенге жаһандық ізгі ниет елшісі мәртебесі берілді.

Димаш Құдайберген Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық көші-қон бойынша ұйымының (IOM) жаһандық ізгі ниет елшісі болып тағайындалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы IOM-ның Instagram-дағы парақшасында жариялады.

"IOM әртіс әрі ізгі қайраткер Димаш Құдайбергенді біздің ұйымның жаңа ізгі ниет елшісі етіп мақтанышпен тағайындады", - делінген хабарламада.

DimashNews порталының жазуынша, бұл тағайындау Димаштың ұзақ жыл бойы қиын жағдайларға тап болған адамдарды қолдау жолындағы адал қызметін білдіреді.

8 желтоқсанда Женевада өткен БҰҰ кеңесінің кезекті сессиясында Халықаралық көші-қон бойынша ұйымының бас директоры Эми Поуп Димашқа жаһандық ізгі ниет елшісі мәртебесінің символын табыстаған.

Ал Димаш ұйымға мүше мемлекеттер делегациялары мен қызметкерлері қатысқан аудитория алдында өзінің S.O.S d’un terrien en détresse атты танымал туындысын орындады.

Сондай-ақ көпшілік алдында қазақ тілінде сөйлеп, БҰҰ-ның жаһандық ізгілік елшісі болу – ең алдымен үлкен жауапкершілік екенін айтты.

"Алайда осы миссия арқылы қауіпсіз көші-қонды қолдай отырып, мейірімділік пен жанашырлықты насихаттап, барлық қауымдастықты біріктіруге үлес қосқым келеді. Әрбір жүрек – бізді жақындастыратын жарық, сол жарық арқылы біз бір үлкен әлемді бірге құрып келеміз.

Тағы да осы зор құрмет үшін алғысымды білдіремін. Мен ХКҰ отбасының бір мүшесі болғанымды мақтан тұтамын және сіздермен бірге осы маңызды жолды әрі қарай жалғастыруға әрқашан дайынмын", - деді Димаш Құдайберген.

Айта кетсек, 2024 жылы Димаш Құдайберген IOM-ның өңірлік ізгілік елшісі болып тағайындалған болатын.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар