«Арманымды асырғым келеді»: Назым Қызайбай көлігін сатпақ
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 09:02
- 54
Қазақстандық боксшы Назым Қызайбай көлігін сататынын мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы боксшы өз желі парақшасында жазған.
"Мазалап жүрген ойлар бар да, соны шешпегенше, болмайын деп тұр. 2025 жылға қойған жоспарларым көп болды, шүкір, соның бәріне (дерлік) жеттім. Бірақ мен үшін ерекше маңызды үш үлкен мақсат бар еді:
- Біріншісі — үш дүркін әлем чемпионы атану;
- Екіншісі — ата-анама үлкен үй сыйлау;
- Үшіншісі — өзімнің бокс залымды ашу.
Осы мақсаттардың екеуі орындалды.
Үш дүркін әлем чемпионы болдым, оған қоса осы жылы екі әлем чемпионаты болғандықтан, өз рекордымды жаңартқым келді, бірақ екіншісінде күміс алдым.
Осылайша, Әлем чемпионатында толық комплект болды. Отбасыма үлкен уйде алдым, бәрі мәз… Өзімді мақтап қояйын да", - деп жетістіктерін тізді боксшы.
Боксшы енді үшінші арманын орындайтынын айтады.
"Жыл аяқталуға жақын, сондықтан үшінші арманымды да биыл жүзеге асырғым келеді.
Қазір шағын ғимаратты қарастырып қойдым, ұнап та тұр, соған байланысты бір хабарландыруды бөліскім келеді. Өзімнің әдемі көлігімді сатамын. Бұл көлік маған Олимпиададан кейін сыйға берілген, бір жылдан аса уақыт міндім, жағдайы жақсы.
Көлікті жақсы көремін, бірақ арман мен мақсат үшін бұл қадамға баруға дайынмын. Қызығушылық танытқандар жекеге шықсаңыздар болады, болмаса ағама хабарласыңыздар", - деп жазды ол.




