Сенат ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заңды бірінші оқылымда мақұлдады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 12:15
- 51
Сенат депутаттары "Архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Заң өскелең ұрпақты дәстүрлі емес жыныстық қатынастар мен педофилияны насихаттаудан қорғайды.
«Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау мақсатында заңда ашық кеңістікте, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникация желілері мен онлайн-платформаларды пайдалана отырып, педофилия мен дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды насихаттайтын ақпаратты орналастыруды шектеу жөніндегі нормалар көзделген», - делінген заңға берілген қорытындыда.
Депутаттардың айтуынша, осы құжат жастарды қоғамымызға тән емес дәстүрлерді насихаттаудан қорғау, Неке және отбасы институтын нығайтуға негізделген дәстүрлі отбасылық құндылықтарды ілгерілету, балаларды отбасылық құндылықтарды құрметтеу рухында тәрбиелеуді қамтамасыз етеді.
Сенат мақұлдаған заң аясында Еңбек кодексіне, сондай-ақ 12 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Бұған дейін 12 қарашада Парламент Мәжілісі ЛГБТ насихатына тыйым салатын заңды қабылдап Сенаттың қарауына жолдаған.


