Ресейде жасөспірім 10 жастағы тәжік баланы пышақтап өлтірді: оқушы туралы мәлімет пайда болды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 17:40
- 1
Мәскеу облысының Одинцово ауданында Тәжікстан азаматы 10 жастағы Қобилжон Алиев 15 жастағы Тимофей К қолынан қаза тапты. Ол Успен орта мектебінде оқитын, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Душанбе Мәскеуге нота жолдап, істі жан-жақты тергеуді талап етті. Төртінші сынып оқушысының өлімі 16 желтоқсан күні таңертең болған.
Хабарламаға сәйкес, сол мектептің 15 жастағы оқушысы Тимофей К. мектепке пышақ пен газ баллонын алып кірген. Ол үстіне “No Lives Matter” («Ешкімнің өмірі маңызды емес» – интернеттегі зорлық-зомбылықты насихаттайтын қауымдастықтың ұраны) деген жазуы бар киім киген.
Жасөспірім өз әрекеттерін камераға түсіріп отырған. Telegram-арналар мен бірқатар ресейлік БАҚ 15 минуттық видеоны жариялады. Кадрлардан жоғары сынып оқушысының шабуылға алдын ала дайындалғаны көрінеді: ол мектеп дәретханасында жарылғыш құрылғыға ұқсас муляж қалдырған. Кейін «қара шашты» мұғалімдердің бірін іздеп, сыныптарды аралай бастайды. Біраздан соң мұғаліммен бірге жүрген балалар тобына кезігеді.
Әлеуметтік желілерде тараған видеода оқушының оларға жақындап, қолында пышақ ұстап тұрып: «Сендер қай ұлтсыңдар?» деп сұрағаны көрінеді. Содан кейін артынан келген күзетшінің бетіне газ баллонын шашып, оны пышақтайды.
Оқиғаны көздерімен көрген балалар жан-жаққа қаша жөнелген. Жасөспірім солардың бірін — қара шашты баланы қуып, «Сенің ұлтың кім? Саған хана!» деп айқайлаған.
Баспалдақ алаңында қашып бара жатқан бала сүрініп құлаған. Қуып жеткен жасөспірім оған пышақпен ондаған рет соққы жасап, бала қимылсыз қалғаннан кейін өлтірілген баламен селфи жасаған.
Одан кейін ол бос сыныпқа кіріп кеткен. Сол жерде оны шақырту бойынша келген арнайы жасақ ұстап алды.
Қаза тапқан 10 жастағы Қобилжон Алиев Успен орта мектебінде тазалықшы болып жұмыс істеген, 35 жастағы Тәжікстан азаматы Нилуфар Сафоеваның ұлы болған. Оның тоғыз жастағы інісі де сол мектепте, сол сыныпта оқыған.
Ресейлік БАҚ-тың мәліметінше, шабуыл кезінде 4 «Д» сыныбының жетекшісі Алина Файзуллаева балаларды шұғыл түрде сыныпқа кіргізе бастаған. Алайда Қобилжон сыныпқа емес, баспалдаққа қарай жүгіріп, шабуылдаушы оған сол жерде жеткен.
Анасы мен екі ұлы мектепке жақын маңдағы пәтерде тағы екі туысымен бірге тұрған. Көршілер отбасы туралы жақсы пікір білдірген. Нилуфар Сафоева бірнеше жерде тазалықшы әрі күтуші болып жұмыс істеген. Ол Ресейге шамамен төрт жыл бұрын, Тәжікстан шекара әскерінде қызмет еткен күйеуі қайтыс болғаннан кейін келген. Әйел отбасын асырау және балаларын аяққа тұрғызу үшін патентпен еңбек еткен.
Туыстарының айтуынша, қайғылы оқиғаға аз уақыт қалғанда анасы балалардың шетелдік төлқұжаттарының мерзімі аяқталуға жақындағандықтан, оларды уақытша Тәжікстанға сенімді адаммен жіберуді жоспарлаған.
Ұсталған оқушының есі дұрыстығы тексеріледі. Психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындалады. Тінту барысында жасөспірімнің үйінен қару-жарақ қоймасы табылған. Жасырын жерде экстремистік ұрандар жазылған тапанша мен каска, тыйым салынған символикасы бар бронежилет, тағы бір пышақ және жарылғыш құрылғыға ұқсас зат болған. Ол әлеуметтік желілерде қарумен түскен суреттерін бірнеше рет жариялаған.
Сыныптастарының айтуынша, жасөспірім шабуылға дейін бірнеше апта бойы мектепке келмеген, оған дейін өзін қалыпты ұстаған, сабақты орташа оқыған, тыныш мінезді болған және әскери тақырыпқа әуес екен.
Тәжікстан Сыртқы істер министрлігі бұл шабуылды, Душанбе пікірінше, ұлттық өшпенділік негізінде жасалған қылмыс ретінде қатаң айыптады.


