Бір укол өмірін жалмады: Ақтөбеде 41 жастағы жүкті әйел көз жұмды
- автор Томирис Тоныкөк
- 19 желтоқсан, 2025
- 168
Ақтөбеде жүктіліктің 29-аптасында болған 41 жастағы әйел қайтыс болды. Оның жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға жеткізілгеннен кейін 13 күн бойы комада жатқан. Өкінішке қарай, құрсағындағы сәби де аман қалмады. Марқұмның туыстары оқиғаға қатысты жан-жақты тергеу жүргізуді талап етіп отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Марқұмның жұбайы Руслан Сырлыбаевтың айтуынша, 29 қараша күні Айжанның кенеттен қан қысымы көтеріліп, ол жедел жәрдем шақырған.
«Оған дейін өзін жақсы сезінетін, тек аяқтарында ісік болған. Жедел жәрдем келіп, қан қысымын өлшеді. Бір қолында 210 болып шықты. Фельдшерлер күмәнданып, екінші қолынан өлшеді — онда 185 көрсетті. Олар бір таблетка берді. Ал 5 минуттан кейін магнезия сала бастады. Сол сәтте-ақ әйелімнің жағдайы нашарлап кетті. Мен уколды тоқтатуды өтіндім. Бірақ олар жалғастырды», — деп еске алады Айжанның жұбайы Руслан Сырлыбаев.
Оның айтуынша, жұбайы бұрын денсаулығына шағымданбаған. Жүктілік асқынусыз өтіп жатқан, отбасы үшінші баланы күткен.
«Магнезия салғаннан кейін әйелім құсып, бірден өкпесінде сырыл пайда болды. Кейін фельдшерлер тамыр арқылы жүйе қоя бастады. Одан соң оны зембілмен жедел жәрдем көлігіне алып барды. Көліктің ішінде баланың жүрек соғысын тексере бастады. Сол уақытта Айжанның жағдайы одан әрі нашарлап, қатты қиналды. Содан кейін комаға түсті», — дейді көзіне жас алған жесір.
Әйел облыстық перинаталдық орталыққа жеткізілген. Туыстары оның есін жияды деп үміттенген, алайда ол есін жимаған.
«Ол 13 күн бойы комада жатты. 1 желтоқсанда көз жұмды. Оған кесарь тілігі жасалды. Бірақ қызымызды да құтқарып қала алмады. Мен тергеу шынайы себептерді анықтағанын қалаймын. Жұбайымның денсаулығы дұрыс еді. Гинекологқа уақытылы барып, есепке дер кезінде тұрған. Жедел жәрдем шақырардың алдында біз тіпті концертке барғанбыз. Ол денсаулығына еш шағымданбаған», — дейді Руслан Сырлыбаев.
Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы жағдайға қатысты пікір білдіріп, егжей-тегжейлі ақпарат бермеді. Ведомство бұл оқиғаға байланысты қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады.
«Оқиға барысында болған барлық жайттарды анықтау үшін денсаулық сақтау басқармасы тарапынан тексеру ұйымдастырылды. Тексеру жан-жақты болады. Қорытындылар туыстарына ұсынылады, қажет болған жағдайда БАҚ-қа да беріледі», — деді Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс акушер-гинекологы Анар Акатаева.
Айжанның жұбайы полицияға арыз түсіруді жоспарлап отырғанын айтты. Отбасы жақында ғана қырқын өткізген, бірақ әлі күнге дейін бұл ауыр қайғыдан ес жия алмай отыр. Анасыз екі ұл жетім қалды.
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланды
- авторkyn.kz
- 31 қаңтар, 2026




