Алау Қайратқызы әкесінің концертінде биімен ерекше көзге түскен болатын.
Танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова немересінің де өнер әлеміне қадам басып, актерлік шеберлігін шыңдағалы жатқанын айтты, деп хабарлайды Kyn.kz ақпарат агенттігі.
Гүлзира Айдарбекова әлеуметтік желідегі парақшасына кезекті видео салып, отбасындағы жаңалықты бөлісті. Әнші Қайрат Нұртастың кіші қызы алғаш рет киноға түсіп, бағын сынап көрмек екен.
«Менің қасымда Жұлдызым мен болашақ жұлдыз Алау Қайратқызы отыр. Қыздарыңыз киноға түсуге келіп жатыр. Алла бұйырса, немеремді Хабар арнасындағы «Қарлығаш ұя салғанда» атты кинодан көретін боласыздар. Көрермендерге күз айында жол тартатын болады», - деді продюсер.
Желі қолданушылары келіні мен немересін ерекше еркелеткен продюсерге қызыға қарап отырғандарын айтып, болашақ жұлдызға сәттілік тіледі. «Жарайсың! Өнерің өрге жүзе берсін. Қарлығаштай биіктерге ұша бер», «Алау десе алаулап тұр өзі. Жұлдызың жарқырай берсін. Алла тіл көзден сақтасын», «Қандай күшті ене өзі», «Гүлзира әпке, сізге мың алғыс. Келіндеріңізді сондай мақтап жүресіз. Алла разы болсын» деп жазды желідегілер. Арасында видеодағы көріністі жасандылыққа балағандар да болды. Автор: Kyn.kz