«Нұрайдың әр қадамын аңдыған»: Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы қыздың жақындары мән-жайды ашық айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 08:03
- 46
Шымкентте танысының қолынан қаза тапқан 21 жастағы қыз жайлы Threads қолданушысы баяндады. Оның жазуынша, марқұм қыз күдікті Аймахан Шерханмен былтыр жаз айында тойда танысқан. Содан бері, ер адам оның артынан қалмай қойған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
"Мені темір торға отырғыза алмайсың" деген сөзбен Аймахан Шерхан кішкентай ғана Нұрайды қорқытқан. Біздің марқұм Нұрай күзгі семестр басталғалы бұрынғыдай күліп-жайнап жүрмейтін болды.Оған себеп — Аймахан Шерхан. Жаз мезгілінде тойда танысып, бастапқыда артынан қалмай «ухаживать» еткен. Алайда уақыт өте келе Нұрайға психологиялық қысым көрсетіп, қоқан-лоқы жасай бастаған. Ақырында, қыздың да, оның ата-анасының да айқын қарсылығына қарамастан, Нұрайды Алматы қаласынан Шымкентке күштеп алып қашты. Қызды қылмыскердің үйінен туыстары алып кеткенімен, осы оқиғадан кейін Нұрайдың өмірі тозаққа айналды, - деп жазды ол.
Күдікті ұзақ уақыт бойы марқұм қызды аңдып жүрген. Тіпті телефон нөмірін бұғаттаса да құрбылары арқылы шыққан.
«Әлеуметтік желідегі парақшалар арқылы Нұрайдың әр қадамын аңдыған. Нұрай бұл әрекеттердің барлығын скриншоттап, дәлел ретінде жинаған. Алайда полицияға арыз жазған кезде, оның арызы тиісті түрде қарастырылмаған. Қылмыскердің өзі ашық түрде: «Мені темір торға отырғыза алмайсың» деп айтқан. Ол Нұрайдың сабақ кестесін анықтап, оқу орнына келіп, қорқытып-үркітіп жүрген. Айтқан сөздері мен жазбалары оның психикалық тұрғыдан қауіпті тұлға екенін айқын көрсеткен. Қатты қорыққан Нұрайды сабаққа ағасы алып барып, күтіп алуға мәжбүр болған. Өкінішке қарай, барлық ескерту белгілеріне, дәлелдерге, арыздарға қарамастан, бұл іс құзырлы органдар тарапынан уақытында тоқтатылмады», - дейді желі қолданушысы.
Ендігіде қылмыскер әділ жазасын алып, оған жауапкершілік танытпағандардың да жазалануын талап ететінін жеткізді.
«Қылмыскерге Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі бойынша, алып қашу (мәжбүрлі некеге итермелеу), сталкинг, қоқан-лоқы көрсету, адам өлтіру баптарының барлығы толық көлемде қолданылғанын талап етеді.
Біз қылмыскерге МАКСИМАЛДЫ ЖАЗА ТАҒАЙЫНДАЛУЫН талап етеміз.Сонымен қатар, Нұрайдың арызын қабылдамаған, тиісті шара қолданбаған полиция қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, олар да жауапкершілікке тартылсын!», - деп жазды.



