Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Қазақстанда Roblox ойыны бұғатталуы мүмкін

Қазақстанда Roblox ойыны бұғатталуы мүмкін
Сурет: progkids.com
Жасөспірімдерді ажырамас ойынына айналған Roblox-ке тосқауыл қойылады.

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке жолдаған депутаттық сауалында Roblox онлайн-платформасының балалар мен жасөспірімдерге тигізетін ықпалына алаңдаушылық білдіріп, Үкіметтен нақты шаралар қабылдауды талап етті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ulysmedia сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, бүгінде Roblox балалардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналған.

«Қазір “Roblox” сөзін білмейтін бала жоқ деуге болады. Бұл — ойын ойнап қана қоймай, өз әлемін құрып, басқа адамдармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретін халықаралық платформа», — деді депутат.

Үнзила Шапақтың мәліметінше, 2025 жылғы ашық дереккөздерге сәйкес, Roblox платформасының күнделікті белсенді қолданушыларының саны 150 миллионға жуық, ал олардың басым бөлігі – кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдер.

Депутаттың сөзінше, ата-аналар, мұғалімдер мен халықаралық сарапшылар бұл платформаның балалар психикасына кері әсер етуі мүмкін екенін жиі айтып жүр.

«Виртуалды тәуелділік, агрессивті мінез-құлық, шынайы өмірден алыстау және жасына сай келмейтін контентпен бетпе-бет келу фактілері бар. Мұның бәрі баланың психологиялық дамуына ұзақ мерзімді зиян келтіруі мүмкін», — деді ол.

Депутат Roblox секілді ашық платформаларда қылмыстық ниеті бар тұлғалардың балаларды оңай нысанаға алатынын атап өтті. Алдымен виртуалды чат арқылы баланың сеніміне кіріп, кейін Telegram-ға ауыстырып, жеке кездесуге шақыратын, ал кей жағдайда алаяқтық жолмен ата-анасының банк картасының деректерін алатын жағдайлар кездеседі.

«Балаға сыйлық беремін деп алдап, карта нөмірі мен SMS-кодты сұрап, шоттағы ақшаны шешіп алатын схемалар бар», — деді Шапақ.

Депутат Roblox компаниясы қауіпсіз орта туралы айтқанымен, платформаны толық бақылау мүмкін емес екенін де атап өтті.

«Секундына 50 мыңнан астам хабар алмасатын ортада толық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін емес», — деді ол.

Ол 2025 жылғы 18 желтоқсанда Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовтің «Roblox-ты бұғаттау немесе шектеу мәселесі қарастырылмайды» деген жауабын еске салды.

Үнзила Шапақтың айтуынша, Түркия, Катар, Ресей, Қытай, Иран, Солтүстік Корея және өзге де бірқатар мемлекет Roblox платформасын бұғаттаған.

«Баланың қауіпсіздігіне қауіп төндірсе, мемлекет әрекет етуі тиіс. Абайдың “Бала тәрбиесі – басты байлығың” деген сөзі бүгін де өзекті», — деді депутат.

Депутат Үкіметке бірқатар нақты сұрақ жолдады. Атап айтқанда, ол Roblox-тың Қазақстандағы балаларға психологиялық және әлеуметтік әсеріне қатысты зерттеу жүргізілген-жүргізілмегенін, басқа елдердің тәжірибесін ескере отырып, платформаны шектеу немесе қосымша бақылау тетіктері қарастырылып жатқанын сұрады.

Сонымен қатар, ол балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай нақты алдын алу шаралары барын және ІІМ мен Бас прокуратурада Roblox сияқты платформалар арқылы жасалған алаяқтық, бопсалау деректері тіркелген-тіркелмегенін нақтылауды талап етті.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар