Қарағандыдағы Тергеу абақтысында Заңғар Хасенов аузын тігіп, аштық жариялады (ВИДЕО)
- автор kyn.kz
- Бүгін, 15:07
- 79
Қарағандыдағы халық СИ-16-ЧП атап кеткен Уақытша тергеу абақтысында Заңғар Хасенов есімді азамат аштық жариялап, аузын тігіп тастады. Ол тек тамақ емес судан да бас тартқан. Хасеновтың өзіне мұндай қатыгездік жасауына не себеп болғанын оның жұбайы Айжан Сүлейменова айтып берді. Ол Заңғарға моральдық және психологиялық қысымдар жасалып жатқанын ашық айтты. Сөзінше Заңғар отырған камерада күндіз жарық өшіріледі, түні бойы ұйқысына кедергі жасау мақсатында жанып тұрады екен. Одан бөлек Хасенов тергеу абақтысына жеткізілген күні оған адам жеуге келмейтін ашыған тамақ берілген.
Күйеуінің денсаулығына алаңдаған Айжан Сүлейменова Тергеу абақтысына жедел жәрдем қызметін шақырған. Бірақ, мекеме басшылығы оларды ішке кіргізбеген.
«Мен онымен кездесуге бардым. Ол «Маған тамақ әкелме, мен ашығатын боламын» деді. Қаңтардың үші күні ол аузын тігіп тастағанын естідім. Уақытша тергеу абақтысындағыларға дабыл қағып, жедел жәрдем шақыруларын сұрадым. Олар «жоқ» деді. Медқызметкер Вероника Ильиничнамен сөйлестім. Ол «Мен Хасеновке күнде баруға міндетті емеспін» деді. Енді қазір аузының тігілген жерлері іріңдеп кеткен. Бүр күн бұрын қан қысымы түсіп, жуыну бөлмесінде құлап қалыпты»,-дейді Хасеновтің жары Айжан Сүлейменова.
Айжан Сулейменова күйеуі Тергеу абақтысына жеткізілген сәттен бастап итеріп жіберу, дөрекілік көрсету сынды жағдайларды бастан кешіргенін айтты. Заңғар Хасеновты Тергеу абақтысына қабылдау кезінде мекеме басшысы Мұрат Оралбаев та болыпты.
Заңғар Хасенов Уақытша ұстау абақтысы басшысына қатысты шағым жазды. Шағымында ол изолятор жетекшісінің камерасына келіп, өз қызметтік міндеттерінің шеңберіне кірмейтін сұрақтар қойғанын көрсеткен. Атап айтқанда: қылмыстық іс бойынша ұстанымы қандай, адвокаттарының позициясы қандай, кінәсін мойындай ма деген сауалдар қойылған. Ол өзін тек ДУИС қызметкерімін деп таныстырған. Ал нақты СИЗО басшысы екенін не себепті жасырғаны белгісіз, айтпаған.
Кейбіреулер «басшы өтірік айтқан жоқ, өйткені ол ДУИС жүйесіне қатысы бар» деуі мүмкін. Алайда туыстары мен Заңгардың өзі этаппен жеткізілген адаммен танысуға келген басшының нақты лауазымын атамауын күмәнді жағдай деп санайды. Камерадағы әңгімесінің жалғасын Заңғар Хасенов шағымында егжей-тегжейлі сипаттаған. Оның айтуынша, лауазымды тұлға «жайлы жағдайда отыру үшін изолятор басшылығын қызықтыру керек» дегенді жеткізген.
Хасеновтың заңгері Надежда Далабаева қорғауындағы азаматқа тағы да бірқатар психологиялық қысымдар мен әдейі арандату әрекеттері жасалып жатқанын айтты.
«Мысалы Хасеновті есінен адасқан адаммен бір камераға жапқан. Ол әрине түрлі қылықтарымен жанындағы адамның психикасына әсер етеді. Екінші көршісі өзіне қарамайтын, жағымсыз иіс шығатын адам екен. Мұның өзі менің қорғауымдағы азаматтың құқықтарын шектеу деп білемін»,-дейді Надежда Далабаева.
Хасенов шындықты айтып отыр ма, әлде адал басшыға жала жапты ма — мұны қызметтік тексеріс аясында оңай анықтауға болады. Алайда осы күнге дейін ол шағымының кіріс және шығыс нөмірін де біле алмай отыр.



