Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Бір кресло 20 миллион теңге: Шымкенттегі М.Әуезов университетінде ақша жымқыру ісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр

Бір кресло 20 миллион теңге: Шымкенттегі М.Әуезов университетінде ақша жымқыру ісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр
Сурет: видеодан скриншот
Шымкентте бір жоғары оқу орнының басшылары мен қойма меңгерушісі, мердігер ұйымдардың басшылары ақша жымқыру бойынша күдікке ілінді.

Қаржылық мониторинг агенттігі Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатқаны туралы мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Күдіктілер қатарында университеттің бұрынғы бірінші проректоры, қаржы және әкімшілік департаменттерінің директорлары, өндірістік-техникалық бөлімнің қойма меңгерушісі, сондай-ақ мердігер ұйымдардың басшылары бар.

Тергеу деректеріне сәйкес, олар мемлекеттік сатып алу бойынша жалған келісімшарттар жасаған. Құжат жүзінде тауарлар университетке жеткізілген болып көрсетілгенімен, іс жүзінде олар мүлде келіп түспеген немесе айтарлықтай қымбат бағамен сатып алынған.

Қаражат аффилиирленген жеке кәсіпкерлер мен коммерциялық құрылымдардың шоттарына аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлінген.

Қаржылық мониторинг агенттігі мысал ретінде бір креслоның 20 миллион теңгеге сатып алынғанын келтірді. Ал оның нақты нарықтағы құны 200 мың теңгеден аспайды.

Күдіктілер оқу орнының тозған тауарлы-материалдық құндылықтарды формалды түрде есептен шығарған. Алайда есептен шығарылған мүлік пайдалануды жалғастырған, ал оларды алмастыруы тиіс жаңа тауарлар университетке жеткізілмеген.

Күдіктілердің әрекеті салдарынан мемлекетке 321 миллион теңге көлемінде залал келтірілген. Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктілер 264 миллион теңгені ерікті түрде өтеген.

Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне тыйым салынды. Шектеу төрт тұрғын үйге, бір автокөлікке, сондай-ақ банктік шоттардағы 40 миллион теңгеге қатысты қолданылды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, іс бойынша өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар