Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Германияда кісі қолынан қаза тапқан судья Айгүл Сайлыбаеваның анасы Тоқаевқа үндеу жасады

Германияда кісі қолынан қаза тапқан судья Айгүл Сайлыбаеваның анасы Тоқаевқа үндеу жасады
Сурет: ашық дереккөздерден
Германияда қаза тапқан судьяның анасы президенттен көмек сұрады.

Германияда кісі қолынан қаза тапқан Айгүл Сайлыбаеваның анасы Шолпан Батқалова Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады. Ол күдіктілерді елге экстрадициялауды сұрады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Әйелдің айтуынша, қызының өліміне қатысы бар адамдар әлі күнге дейін жауапкершіліктен жалтарып жүр.

«Айгүл 2024 жылғы 4 маусымда қаза тапты. Оның денесі 30-дан астам пышақ жарақатымен тек 13 күннен кейін көлден табылды. Германия полициясы марқұмның денесі табылардан екі сағат бұрын ғана көлге әкелінгенін анықтады. Тергеу дерегінше, негізгі күдікті — Айгүлдің енесі Донцова Наталья. Қызым жоғалғаннан кейін ол Германиядан асығыс кетіп қалған», — деді Шолпан Батқалова.

Ол күдіктілер Ресей аумағында жүргендіктен, тергеу әрекеттері жүргізілмей жатқанын айтады.

«Қазақстанда қылмыстық іс қозғалды. Алайда күдіктілер Ресей аумағында жүргендіктен, тергеу әрекеттерін жүргізу мүмкін болмай отыр. Оларды Қазақстанға экстрадициялау қажет. Жуырда Донцовтардың Мәскеуде жүргені анықталды. Менің кәмелетке толмаған немерем Жаклин қазір анасын өлтіргендермен бірге тұрып жатыр деп ойлаймын. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Ресей тарапымен дипломатиялық келіссөздер жүргізіп, Донцовтарды Қазақстанға экстрадициялауға жәрдемдесуіңізді сұраймын», — деді марқұмның анасы.

2025 жылдың желтоқсан айының соңында Александр мен Наталья Донцовтардың Мәскеуде ұсталғаны белгілі болды. Бұл туралы марқұмның ағасы Қанат Сайлыбаев мәлімдеген.

Айгүл Сайлыбаева Ұлыбританияда білім алып, Астанада судья қызметін атқарған. Соңғы жылдары отбасымен Германияда тұрған. 4 маусым күні таңертең екі жасар қызын балабақшаға апарып, сол күйі хабарсыз кеткен. 12 күннен кейін оның мәйіті табылды. Қазіргі уақытта бала әкесімен бірге тұрып жатыр.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар