1,9 миллион теңге: Еңбек министрлігі жалақысы жоғары мамандықтарды атады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 10:22
- 43
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Электронды еңбек биржасының 2025 жылға арналған статистикасын жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ведомство мәліметінше, 2025 жылы электрондық еңбек биржасында 1 миллион 328 мың бос жұмыс орны жарияланып, 1 миллион 453,8 мың түйіндеме орналастырылды. Нәтижесінде еңбек нарығында ұсыныс сұраныстан 125,8 мыңға артық болды.
Бос жұмыс орындарының ең үлкен үлесі білім беру саласына тиесілі – 380,6 мың жұмыс орны (28,7 пайыз). Одан кейін "өзге қызмет түрлері" (13,2 пайыз) мен денсаулық сақтау саласы (8,8 пайыз) орналасқан.
"Жұмыс ең көп жариялаған өңірлер – Астана, Түркістан облысы және Алматы қаласы. Алайда солтүстік және шығыс өңірлерде жұмыс күшінің тапшылығы байқалды. Мәселен, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында бос жұмыс орындары түйіндемелер санынан едәуір көп", - делінген хабарламада.
2025 жылы ең көп сұранысқа ие мамандықтар қатарында: медбикелер мен мейіргерлер, тәрбиешілер, автокөлік жүргізушілері, санитарлар бар.
Ал 2025 жылы жұмыс берушілер ең жоғары жалақыны:
- флоттағы штурман лауазымына үміткерлерге ұсынды – айына 875–900 мың теңге аралығында,
- тау-кен өнеркәсібінде учаске бастығының орынбасарына – 714 мың теңгеден бастап және одан жоғары,
- бұрғылау қондырғыларының машинистеріне – 700 мың теңгеден бастап және одан жоғары мөлшерде.
Үміткерлер арасында түйіндемелерде көрсетілген ең жоғары орташа жалақы пилоттарда – 1,9 миллион теңге, тау-кен саласындағы қызмет басшыларының орынбасарларында – 1,2 миллион теңге және кеме капитандарында – 1,1 миллион теңге болды".




