Нұрай Серікбайдың өлімі: видеоның тарап кетуіне байланысты іс қозғалды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 14:30
- 25
Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс материалдарындағы видеоның желіде тарап кетуіне байланысты полиция қызметкерінің әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепёха мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Сенат кулуарында Игорь Лепёхадан журналистер полиция қызметкерінің мұндай әрекет жасауына қатысты сұрады.
"Мұндайға құқығы болған жоқ. Іс қозғалды. Әрекеттеріне құқықтық баға беріледі", – деп жауап берді ол.
Айта кетсек, бұған дейін әлеуметтік желілерде марқұм Нұрай Серікбайдың өзін мәжбүрлеп тұрмысқа алу мақсатында ұрлап әкетпегенін және сол күні күдіктінің көлігіне өзі отырғанын айтқан видеосы тарады. Бұл кадрларды Шымкенттің бұрынғы полиция қызметкерлері жариялады деген болжам жасалды.
Ол жерде Нұрай ер адамға қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін жеткізеді.
Сонымен қатар, кейбір БАҚ-тарда бұрынғы полиция қызметкерлері өздерінің жұмыстан босатылуын әділетсіз деп атаған.
Марқұм Нұрай Серікбайдың жақындары аталған жазбаға шағымданып, тергеу құпиясының бұзылғанын және қоғамдық пікірге қысым жасалғанын мәлімдеді.




