«Үш баласы бар әйел болып шықты»: қазақстандықтан сүйіктісі 1,5 млн теңге қалың малын алып, қашып кеткен
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 11:20
- 31
Астана түбіндегі Қосшы қаласының 28 жастағы тұрғынын «сүйіктісі» 1,5 млн теңгеге алдап кеткен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Зардап шегуші жігіттің айтуынша, 2025 жылдың жазында ол әлеуметтік желі арқылы қызбен танысқан. Ол өзінің Шымкент қаласының тумасы деп таныстырып, жігіттің сеніміне кірген. Бірнеше рет кездескеннен кейін екеуі шаңырақ көтеруге бел буады. Сөйтіп Астанадан пәтер жалдап, бірге тұрған. Жігіт қалыңдықты ата-анасымен таныстырған. Бірақ, қыз оны туыстарымен таныстыруға асықпаған көрінеді.
Арада бірнеше ай өткен соң сүйіктісі аяғы ауыр екенін айтады. Жігіттің ата-анасы қыздың туыстарына қалың мал ретінде 950 мың теңге, ал қыздың өзіне алтын әшекейлер алып берген. Алтындардың құны – 600 мың теңге болыпты.
«Пәтер ақыны арзандату үшін олар Астанада Қосшыға көшіп барған. Содан кейін ақшаны алған қыз жігіттің қоңырауларына жауап бермей, жоғалып кеткен. Кейін жігіт сүйіктім деп ойлап жүрген қыздың үш баласы бар, бұрынғы күйеуі бар екенін білген. Осылайша, алданғанын түсінген ол 31 қаңтар күні полицияға арыз жазған», - деп хабарлайды Ақмола полициясы.
Қазір облыстың полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, зардап көлемін 1,5 млн теңге деп бекіткен. Әйел әлі табылған жоқ.



