Әуесбаев: Жаңа Конституцияда Президент өкілеттілігі бір рет қана 7 жылдық мерзім бекітіледі
- автор kyn.kz
- Бүгін, 11:04
- 1
Нұрлан Әуесбаев, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының мүшесі жаңа Конституцияның жобалық нұсқасына өз пікірін білдіріп, артықшылықтары мен қамтылған аумағына тоқталды, деп жазды KYN.KZ тілшісі.
"Бүгін Конституциялық реформа төңірегінде түрлі эмоция білініп, дабыралы мәлімдемелер көп айтылып жатыр. Алайда менің ойымша, дәл қазір барлығымызға сабыр сақтап, нақты деректерге сүйеніп, мәселенің мәніне үңілу аса маңызды болмақ.
Біріншіден, қазіргі конституциялық реформа, табан астынан пайда бола салған дүние емес. Бұл Қазақстанның 2022 жылдан бастап қолға алған күрделі саяси өзгерістерінің заңды жалғасы деп түсіну керек. Ол кезде еліміз саяси күйзелістерсіз, біртіндеп эволюциялық реформалар жолымен алға жылжыды.
Екіншіден, қазір халық арасында бірпалаталы парламентке қатысты сыни пікірлердің көбейгенін көріп отырмыз. Осы тұста неге дәл қазір бұл мәселе сынға себеп болып, ел Парламенттің тиімділігін талап ете бастады?, - деген заңды сұрақ туындайды.
Біз заң шығарушы органның күрделі әрі ауыр жүйесінен бас тартып, қоғам үшін қарапайым әрі түсінікті және жауапты формаларына көшу қажет деп есептедік. Социал-демократтар үшін, бұл көтеріліп жатқан мәселелер ешқандай жаңалық емес деп айтсақ болады. 2013 жылы ЖСДП қабылдаған бағдарламасында унитарлы мемлекет үшін екіпалаталы парламент тиімсіз екені нақты әрі дәйекті түрде айтылған.
Осы логика аясында Халық Кеңесі деген қоғамдық диалог алаңы қалыптаспақ. Сондай-ақ азаматтардың жеке ұсыныстарын еркін білдіруге және қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтуға арналған жаңа жоғары консультативтік органды құру ұсынылып отыр.
Біз бұл идеяларды партия құрылған сәттен бастап тоқтаусыз айтып келеміз. Ашығын айтқанда, бейбіт митингілерде, парламенттік пікірталастарда, сараптамалық кеңестерде, қоғамдық алаңдарда, және бұқаралық ақпарат құралдарында үнемі көтердік. Бүгінде осы ұсыныстардың көбі Конституцияның жаңа жобасында көрініс тауып отырғанын көріп, нәтижеге жеткенімізді айтқымыз келеді.
Айрықша атап өтетін тағы бір жайт – Конституцияның жаңа жобасында билікті бір қолға шоғырландыру мүмкіндігін толықтай жоққа шығарады. Президент өкілеттілігі бір рет қана міндеттеліп, тек жеті жылдық мерзім бекітілді. Ал президент өкілеттілігін уақытша атқарушы тұлғаға енді қайта сайлану құқығы берілмейді. Сонымен қатар, келесі президентке Конституцияны өзгертуге парламентті тарату құқығы негізсіз деп танылды.
Енді бейбіт жиналыстар мен сөз бостандығы мәселесіне жеке тоқталғым келеді:
Қоғамда кейбір пікірлер, Ата Заңның жаңа жобасы негізінде азаматтардың құқықтары шектеледі,- деген алаңдаушылық білдіріп жүр. Алайда ұсынылған нормаларды мұқият оқысаңыз, адам құқықтарының шектелуі туралы ешқандай ой қозғалмаған.
Атап айтқанда, бейбіт жиналыс өткізу еркіндігі, сөз бостандығы, өз пікірін айту құқығы – бұрын қалай бар болса, сол күйінде айна қатесіз сақталды. Тек тұжырымдамалар нақтыланып, құқықтық рәсімдеулер түзетілуде. Сондықтан мұны «шек келтіру» деп көрсетуге негіз жоқ.
Одан бөлек, ЖСДП 2013 жылғы бағдарламасында бейбіт жиналыстарды хабарлау тәртібімен өткізу, сөз бостандығын, тәуелсіз БАҚ-ты қорғау және шынайы саяси әртараптылықты қамтамасыз ету қажеттігін тұрақты түрде талап еткен.
Сондықтан, айтылып жатқан сынға қатысты заңды сұрақ туады: ұзақ жылдар бойы демократиялық талап деп саналып келген идеялар неге бір сәтте қауіп ретінде көрсетіле бастады?
ЖСДП фракциясы үшін жауап белгілі. Біз конституциялық реформаны саяси жағдайға қарай емес, партияның жиырма жылға жуық уақыт бойы қорғап келген қағидаттарының жүзеге асуы деп қабылдаймыз.
Қазіргі жаңа Конституция жобасы қоғамның сұранысын, халықтан келген нақты идеяларды алып шығып отыр. Ал біздің міндетіміз –реформалардың мазмұнын азаматтарға түсінікті әрі ашық етіп жеткізу",-деді Нұрлан Әуесбаев, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының мүшесі.



