Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

"Ұзақ жылдар бойы төсек тартып қалған": Астанада ер адам өз анасын тұншықтырып өлтірген

"Ұзақ жылдар бойы төсек тартып қалған": Астанада ер адам өз анасын тұншықтырып өлтірген
Сурет: arbuztoday.ru
Астанада ер адам өз анасын өлтіріп, қылмысын жасырмақшы болған.

Астанада ер адам өз анасын буындырып өлтірген. Артынша қылмысын жасыру үшін жедел жәрдем шақырған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 3 шілде күні таңертең Астанада 55 жастағы ер адам өз үйінде туған анасын тұншықтырып өлтірген. Әйел адам төсекке таңылған, тұрақты күтімді қажет еткен.

«Төсекке таңылған анасына ұзақ уақыт бойы күтім жасаудың салдарынан туындаған жеке бас араздығы негізінде, сондай-ақ оның үнемі айтқан уәждері мен жанжалдарынан қажыған күйде, алкогольдік масаң жағдайда, диванда жатқан анасына жақындап, қасақана өлтіру мақсатында екі қолымен жәбірленушінің мойнын қысып, тыныс алу жолдарын басқан», – деп көрсетілген құжатта.

Сот барысында ер адам өз кінәсін мойындамады. Ол сол күні таңертең анасының қанындағы қант деңгейін, дене қызуын өлшеп, «анасының сауығып кетуі үшін еденге отырып дұға еткенін» айтты.

Оның айтуынша, анасы есін жоғалтқанда мойнынан ұстап сілкілеген. Содан кейін әйел дем алмай қалған, ал өзі қатты шок күйінде болғанын жеткізген.

Айтуынша, содан соң ол жедел жәрдем шақырып, анасына реанимациялық көмек көрсетуге тырысқан: жүрекке жанама массаж жасап, жасанды тыныс алдыруды қолданған.

«Тамыр соғысы жоғын көрген соң, ол сасқалақтап, қайтадан анасына жақындап, сол әрекеттерді тағы қайталаған. Есін жиғызу үшін оң және сол қолымен бірнеше рет бетіне ұрған, кейін қайтадан мойнынан ұстап сілкілеп, жасанды тыныс алдыруды жалғастырған», – делінген іс материалдарында.

Жедел жәрдем келгенде, олар әйелдің қайтыс болғанын хабарлаған.

Фельдшердің соттағы түсініктемесіне сәйкес, шақыртуға келген кезде ол шамамен 70–75 жастағы, жөргек киген күйде арқасымен жатқан әйелді көрген. Тамыр соғысы мен есін тексергеннен кейін өлімді тіркеген.

Әйелдің бетінде 5–6 көкшіл гематома, ал мойнында жасыл түсті сүлгі байланғаны анықталған. Сүлгінің астынан мойынның екі жағында да гематомалар табылған.

Отбасының көршілері сотта әйелдің 8 жыл бұрын жамбас сүйегінің мойнын сындырып, содан бері төсекке таңылғанын хабарлады.

«Ер адам жастайынан алкогольді шамадан тыс пайдаланған, 1990-жылдары есірткі тұтынған, есірткі тарату ісі бойынша тергеуде болған. Көршілер оның анасын жиі ұрып-соғатынын, агрессивті мінез көрсететінін және көбіне мас күйде жүретінін айтқан. Кейде оны 10–20 тәулікке әкімшілік қамауға алған», – деп сипаттады сотта куәгерлер.

Куәгерлердің бірінің айтуынша, ер адам ішімдікке салынып, анасын жиі ұрған. Бірде тіпті оның тістерін сындырған.

«Осындай жағдайлардың бірінде ол анасының алдыңғы тістерін сындырып, көптеген гематома салған. 2024 жылдың жазында ер адам анасы “өтірік ауырады, өзі жүре алады” деп айтқан. Ол жанжал мен жеккөрушілік негізінде анасын жиі соққыға жыққан», - дейді куәгерлер.

Куәгерлердің айтуынша, әйел өз ұлынан қорқып өмір сүрген.

Сараптама нәтижесі бойынша, әйелдің денесінде көптеген жарақат болғанын және өлімнің негізгі себебі – тұншығу екенін анықтады.

Мамандар бас-ми жарақатын, қабырғаның сынуын, ерін мен тілдегі ұсақ жараларды, бетте, мойында, кеуде мен қолдарда сызаттар мен көгерулерді тіркеген. Бұл жарақаттардың басым бөлігі қайғылы оқиғадан бірнеше сағат бұрын пайда болған.

«Аталған дене жарақаттары доғал қатты заттардың әсерінен пайда болуы мүмкін. (…) Жарақаттардың сипаты олардың кездейсоқ пайда болуын жоққа шығарады және жәбірленушінің мойын тұсына зорлықпен әсер етілгенін дәлелдейді», – делінген құжатта.

Сот ер адамның кінәсі толық дәлелденді деген қорытындыға келді. Ол ҚК 99-бабының 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда өтейді.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар