"Уақытша қамауға алынды": мектепте балта ұстаған оқушы екі сыныптасын жаралады (ВИДЕО)
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 12:16
- 38
Атырау облысының Құлсары қаласында 10-сынып оқушысы қатарластарымен болған жанжалдан кейін мектеп ішінде балтамен жүгіріп, шабуыл жасаған., деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл оқиға 5 ақпан күні болған. Салдарынан екі жасөспірім зардап шекті. Атырау облысы полиция департаментінің мәліметінше, мектеп оқушысы қатарластарымен сөзге келіп қалған.
Кадрлардан қолына балта ұстаған жасөспірімнің басқа оқушыларды қуып жүргені көрінеді.
Оқиға нәтижесінде екі оқушы жеңіл дене жарақатын алған. Хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына полиция қызметкерлері жеткен. Шабуыл жасаған жасөспірім анықталып, ұсталды.
Жанжалға қатысқан барлық тұлғалар мен олардың ата-аналары тергеу үшін полиция бөліміне жеткізілді. Бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 15 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, ішкі істер органдарының есебіне алынды.
Іс материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жолданды.
«Сонымен қатар жасөспірімнің ата-анасына қатысты кәмелетке толмағанды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалды», – деп хабарлады Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қылмыстық іс аясында қылмыстың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою жөнінде білім бөліміне ұсыныс енгізілді.
Тергеу қорытындысы бойынша білім беру ұйымының лауазымды тұлғаларының, сондай-ақ оқу орнын күзетумен айналысқан күзет агенттігі қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.



