Димаш Құдайберген қатысып жатқан шоу 24 сағатта 102 миллион қаралым жинаған
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 17:24
- 1
Voice Beyond Horizon халықаралық музыкалық жобасының тұсаукесері Қытайда ұлттық деңгейдегі оқиғаға айналды. Шоу алғашқы 24 сағатта 102 миллион қаралым жинаған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Dimashnews.com-қа сілтеме жасап.
Димаш Құдайберген бұл жобада тек өнерпаз ретінде емес, атқарушы продюсер ретінде де еңбек етіп жатыр.
Жоба бір мезетте Hunan TV және Mango TV платформаларында көрсетіліп, CVB телевизиялық рейтинг жүйесінде алғашқы орындарға шықты. Сонымен қатар Weibo мен Bilibili әлеуметтік желілеріндегі трендтер қатарына енді. Мұндай ауқымдағы музыкалық реалити үшін бұл – 2026 жылдың рекорды.
“Шоу жай ғана вокалдық байқау емес, елдерді жалғайтын мәдени көпір ретінде ұсынылады. Жобаға Қазақстан, Қытай, Италия, Малайзия, Сербия және Қырғызстаннан өнерпаздар қатысады. Қытайдың мемлекеттік медиасы форматты “мәдени дипломатияның жаңа эталоны” деп атап отыр”.
Сарапшылар Voice Beyond Horizon жобасын енді теледидарлық тәжірибе емес, Қазақстанның танымалдығын арттыратын, Азиядағы ықпалын күшейтетін және Димаштың өңірдегі басты мәдени амбассадор ретіндегі мәртебесін бекемдейтін стратегиялық медиаөнім деп атап өтті.
Шоудың жаңа бөлімдері әр бейсенбі күні сағат 22:00-де Hunan TV және Mango TV арналарында көрсетіледі.



