Астанадағы санавиация қызметкерлері еңбек жағдайын жақсартуды талап етті
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 11:43
- 56
Астанада санитарлық авиацияның 20-ға жуық қызметкері жиналып, жалақыны кемінде 20-30%-ға арттыруды және арнайы мәртебе беруді талап етті. Олардың айтуынша, төлемдер кешіктіріледі, ал жұмыс жүктемесі нормадан асып кеткен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Nege.kz порталына сілтеме жасап.
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, коронавирус пандемиясы кезінде олардың жалақысы 20-30%-ға артқан. Қазіргі таңда олар орта есеппен 300-350 мың теңге алады. Алайда қызметкерлердің сөзінше, төлемдер жиі кешіктіріледі, ал жұмыс жүктемесі нормадан асып түседі, кейде тәулік бойы жұмыс істеуге тура келеді.
Жиналғандар жалақыны кемінде 20-30%-ға өсіруді, сондай-ақ жеңілдіктер мен сауықтыру демалысына қол жеткізу үшін арнайы мәртебе беруді талап етті.
Жедел медициналық көмек саласындағы жалақының төмендігі мәселесі бұған дейін де көтерілген. Өткен жылы жедел жәрдем бригадаларының фельдшерлері еңбекақыға қатысты шағым айтқан болатын. Сол кезде Денсаулық сақтау министрлігі олардың жалақысын 2026 жылдан бастап көтеруге уәде берген еді.
Шұғыл медицинаны үйлестіру ұлттық орталығы төрағасының орынбасары Асхат Сапаровтың айтуынша, санитарлық авиация қызметкерлерінің жалақысын көтеру туралы Денсаулық сақтау министрлігінен нақты тапсырма түспеген.
Алдағы күндері орталық министрлікке сұрау жолдап, санитарлық авиация дәрігерлері мен фельдшерлері жалақысы көтерілетін қызметкерлер санатына кіре ме, соны нақтыламақ. Егер бұл санатқа жатпаса, онда медициналық авиация қызметкерлерін жедел жәрдем бригадаларына теңестіру туралы өтініш білдірмек.
Асхат Сапаров орталықтың бюджеттік ұйым екенін, жалақы мөлшерін өз бетінше арттыруға немесе азайтуға құқығы жоқ екенін айтты. Қаржыландыру Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктері арқылы жүзеге асырылады. Ресми шешім шыққаннан кейін мәселе қаралатын болады.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысында Kunan Service және Akadi Holding ЖШС компанияларының 150-ге жуық жұмысшысы айлықтарының бір жарым есеге өсіруді талап етіп, шеруге шықты. Сондай-ақ олар қос компанияның бірігуін сұраған.




