Қазақстандықтар коммуналдық төлемдердің күрт өскеніне шағымданды: министрлік жауап берді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 14:20
- 56
Коммуналдық төлемдердердің күрт өскенін байқаған қазақстандықтар шағымдануда. Әлеуметтік желілерде қала тұрғындары түбіртектерін жариялап, тарифтердің өсуіне наразылық блдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұған байланысты табиғи монополияларды реттеу комитеті түсініктеме берді.
Комитет өкілдерінің түсіндіруінше, қазіргі уақытта реттелетін коммуналдық қызметтерге тарифтерді көтеруге мораторий қолданылады.
"Жүргізілген тексеру нәтижесінде 2026 жылғы қаңтар айындағы төлем құжаттарында сомалардың ұлғаюы жылыту кезеңінде жылу энергиясын нақты тұтынудың артуына байланысты екені анықталды. Тұтыну көлемі тікелей сыртқы ауа температурасына және жылумен жабдықтау режиміне тәуелді. Ауа температурасы неғұрлым төмен болған сайын, жылу энергиясын тұтыну көлемі соғұрлым артады. Мысалы, өткен жылдың желтоқсан айында Астана қаласы бойынша орташа айлық температура -8°C болса, биыл қаңтарда -14,3°C болды. Бұл жылу энергиясын тұтынудың артуына және соның нәтижесінде төлем құжаттарында сомалардың өзгеруіне әсер етті", - делінген хабарламада.
Комитет тұтыну көлемі тікелей сыртқы ауа температурасына және жылумен жабдықтау режиміне байланысты екенін аттап өтті. Комитет өкілдері ауа температурасы неғұрлым төмен болған сайын, жылу энергиясын тұтыну соғұрлым артатынын айтады.
"Мысал ретінде: егер уәкілетті орган бекіткен тариф бойынша сумен жабдықтау қызметінің 5 текше метр үшін есептеген сомасы 500 теңге болса, онда ҚҚС мөлшері 12 пайыз болған жағдайда салық сомасы – 60 теңге, ал төлемнің қорытынды сомасы 560 теңге болады. ҚҚС мөлшері 16 пайыз болған кезде салық сомасы – 80 теңге, ал төлеуге жататын жиынтық сома 580 теңге болады. Осылайша, төлемнің нақты ұлғаюы 20 теңге немесе бұрын төленген соманың шамамен 3,6 пайызы болады, бұл коммуналдық қызметтерге тарифтерді қайта қарауға байланысты емес", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар комитет төлем түбіртектері, әдетте, тек реттелетін коммуналдық қызметтерді ғана емес (электр, жылу, су және су бұру), көрсетілетін өзге де қызметтерді қамтитынын нақтылады.
"Осыған байланысты түбіртектегі жалпы соманың ұлғаюы тек коммуналдық ресурстарды нақты тұтыну көлемімен және салық құрамдасымен ғана емес, сонымен бірге аталған қосымша қызметтер бойынша есептеулердің өзгеруімен де байланысты болуы мүмкін.
Жүргізілген талдау нәтижесінде келіп түскен шағымдардың жеке сипатта екені және нақты тұрғын жайлар бойынша есептеулердің ерекшеліктерімен (тұтыну көлемі, бөлудің дұрыстығы, көрсеткіштерді алу кезеңі, қайта есептеулердің болуы, төлемнің кешіктірілуі және өзге де жағдайлар) байланысты екені анықталды", - делінген хабарламада.
Комитет толық түсіндірме алу және есептеулерді салыстыру үшін тұтынушыларға алдымен тиісті қызмет бойынша төлемді есептейтін табиғи монополия субъектісіне жүгінуді ұсынады.



