«157 843 теңге»: Қазақстанда орташа зейнетақы көбейген
- автор Томирис Тоныкөк
- 18 ақпан, 2026
- 130
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақының орташа мөлшерін атады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері республикалық бюджеттен 395,2 миллион теңге көлемінде зейнетақы төленген. Оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 131,3 миллион теңге, ал ынтымақты (солидарлық) зейнетақыға – 263,9 миллион теңге бағытталған.
2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 миллион 538 мың адамды құрады.
Министрліктің хабарлауынша, 2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 157 843 теңгені құраған. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 103 931 теңге, базалық зейнетақы – 53 912 теңге.
Айта кетейік, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстандағы жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 143 143 теңге болған. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 95 549 теңге, базалық зейнетақы – 47 594 теңгені құраған.




