Рамазан – мұсылман қауымы үшін рухани тазару, сабыр мен өзін-өзі тәрбиелеу айы. Бұл ай тек ораза ұстап, таңнан кешке дейін аш жүру ғана емес, адам мінезін түзеп, жаман әдеттерден арылуға үлкен мүмкіндік береді. Осыған байланысты KYN.KZ ақпарат агенттігі Ораза айында қандай әдеттерден аулақ болған жөн, жазып шықты.
Рамазан айында әрбір мұсылман өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарап, рухани дамуға көңіл бөлгені жөн.
1. Ашуға ерік беру
Ораза кезінде аштық пен шөл адамның жүйкесіне әсер етуі мүмкін. Бірақ дәл осы сәт – сабырды шыңдайтын кезең. Пайғамбарымыз Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) «Ораза – қалқан» деген. Яғни, ол адамды жамандықтан қорғайды. Ашуға бой алдыру – оразаның сауабын азайтады.
2. Өсек айту және ғайбат
Біреуді сыртынан жамандау, ғайбат айту – Рамазан айында ерекше тыйым салынған әрекеттердің бірі. Тек тамақ пен судан емес, тілдің де оразасын ұстау маңызды. Себебі сөз арқылы да күнә жасалуы мүмкін.
3. Уақытты бос өткізу
Рамазан – уақытты тиімді пайдаланатын ай. Телефонға телміріп, мағынасыз видео қарау немесе бос әңгімеге уақыт жұмсау – рухани дамуға кедергі. Оның орнына Құран оқу, дұға жасау, пайдалы кітаптар оқу әлдеқайда сауапты.
4. Ысырапшылдық
Кейбір отбасылар ауызашар дастарханын шамадан тыс толтырып, ысырапқа жол береді. Ал ислам дінінде ысырап ету құпталмайды. Рамазан – қарапайымдылық пен шүкіршілік айы.
5. Көрсеқызарлық пен мақтаншақтық
Жақсылықты жария қылу немесе өзгелерден артық көрінуге тырысу – рухани тазалыққа қайшы. Садақаны жасырын беру, шынайы ниетпен көмек көрсету – Рамазанның мәнін арттырады.
Рамазан – өз-өзіңмен жұмыс істейтін ерекше кезең. Бұл айда тек тәнді емес, жүректі де тазарту маңызды. Жаман әдеттерден аулақ болып, сабыр мен мейірімділікке ұмтылу – әр мұсылманның басты мақсаты болуы тиіс.




