Семейде ойын-сауық орталығын өрт шарпыды: зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 08:12
- 43
Семейдегі “Bala Park” ойын-сауық орталығында өрт болып, бірнеше адам зардап шекті. 6 адам, оның ішінде 3 бала медициналық көмекке жүгінді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Өрт туралы желіде виделоар тарады. Кадрлардан келушілердің сырт киімсіз ғимараттан шұғыл шығып жатқанын көруге болады.
Абай облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқиға орнына жедел медициналық жәрдемнің 5 бригадасы жіберілген. Зардап шеккендердің бір бөлігіне алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
1 зардап шегуші көміртегі тотығымен улану диагнозымен ауруханаға жатқызылды. Қазіргі уақытта оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. 2 бала жеке көлікпен облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлік тексеруден кейін олар амбулаториялық бақылауға жіберіліп, үйлеріне қайтарылды. Мамандар олардың жағдайын қанағаттанарлық деп бағалаған.
Денсаулық сақтау басқармасы медициналық көмекке қатысты жаңа өтініштердің тіркелмегенін атап өтті.
«Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таралуда. ҚР заңнамасына сәйкес жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз. Азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз», – деп жазылған басқарма хабарламасында.




