"Азық-түлік бағасының өсуіне ҚҚС-ның көтерілуімен байланыстырып керек емес": Жұманғарин азық-түліктің қымбаттау себебін айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 13:47
- 34
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда азық-түлік бағасының өсуіне не себеп болғанын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Министрдің айтуынша, азық-түлік бағасының өсуіне бірнеше фактор әсер етеді. Сол себептен қосылған құн салығының көтерілуімен байланыстыруға болмайтынын жеткізді.
“Негізі азық-түлік бағасының өсуін қосылған құн салығының көтерілуімен байланыстырып керек емес. Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар өнімдер бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі шамамен 70–90% аралығында. Бірақ кейбір тауарлар әлі де импорт арқылы жеткізілетінін ұмытпауымыз керек. Тұтынушылар әлеуметтік маңызы бар өнімдерді ғана емес, шетелден жеткізілетін басқа да азық-түлік тауарларын сатып алады. Бұл да баға деңгейіне әсер етеді”, – дейді министр.
Министрдің сөзінше, азық-түлік бағасының өскені Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде сезіліп отыр.
“Азық-түлік бағасының өскені әлем бойынша сезіліп отыр. Әлемдік нарықта сүт пен ет айтарлықтай қымбаттады. Соның салдарынан қазақстандық өнімдер экспорттық нарықта сұранысқа ие бола бастады. Біздің фермерлер өнімдерін экспортқа сатқысы келеді. Біз оларға ішкі нарықта сатуды ұсындық. Соған қарай олар да маржасын сақтағысы келетінін айтады. Бағаны көтеруге мәжбүр”, – деді министр.
Оның айтуынша, мемлекет фермерлерге өнімді шетелге сатуға тыйым сала алмайды. Өйткені мұндай шектеу ауыл шаруашылығының дамуына кері әсер етуі мүмкін.
Министр бағаның өсуіне әсер ететін тағы бір фактор ретінде "импорттық инфляцияны" атап өтті.
“ Жалпы азық-түлік бағасының өсуін тек қосылған құн салығының 4%-ға көтерілуімен түсіндіруге болмайды. Өнім бағасына бірқатар фактор жиынтығы әсер етеді. Бұл мәселені шешудің негізгі жолы отандық өндірісті дамыту және ішкі нарықты жергілікті өніммен қамтамасыз ету”, – дейді министр.
Ұқсас жаңалықтар
Казахстан поднялся на 55 место в индексе экономической сложности
- авторkyn.kz
- 13 ақпан, 2026




