Алматыда жұмыртқа 59 теңгеден сатылып жатыр: азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары жалғасуда
- автор kyn.kz
- Бүгін, 16:19
- 18
«Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мәліметінше, азық-түлік бағасын тұрақтандыру аясында бірқатар өнім белгіленген бағамен сатылып жатыр.
Жұмыртқа бағасы – 59 теңгеден аспайды
«Сары-Бұлақ» компаниясымен 2027 жылдың қазанына дейін бірінші санаттағы 86,4 миллион дана жұмыртқаны өндіру және сату туралы келісім жасалған.
Келісім аясында бір жұмыртқаның бағасы 59 теңгеден аспайды. Өнім «Magnum», «Small», «Астор» сауда желілері мен «Алатау-Құс» фирмалық дүкендерінде сатылады.
Тауық еті қанша тұрады?
«Алатау-Құс» фирмалық дүкендерінде тауық сирағының бір келісі 1 650 теңгеден сатылып жатыр.
Ал «Nauryz Agro KZ» компаниясы тауықтың сан еті мен сан-жамбас бөлігін келісін 1 300 теңгеден босатады. «Magnum» дүкендерінде бұл өнімдердің бөлшек саудадағы бағасы 1 495 теңгеден аспайды.
Бағаны тұрақтандыру шаралары «Алатау-Құс» өнімдері үшін 2027 жылдың қарашасына дейін, ал «Nauryz Agro KZ» өнімдері үшін 2027 жылдың шілде айының ортасына дейін жалғасады.
Нан, көкөніс және қант бағасы да бақылауда
«Алматынан» нан-тоқаш комбинатымен бірінші сұрыпты ұннан дайындалған 3,8 миллионнан астам бөлке нанды жеткізу және сату туралы келісім жасалған. Нан «Magnum», «Small», «Jardi» сауда желілері мен шағын дүкендерде сатылады.
Сонымен қатар «Magnum» желісі арқылы 9 920 тонна картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат белгіленген бағамен ұсынылады. Бұл шара 2027 жылдың сәуір айының соңына дейін жалғасады.
Бұдан бөлек, қарақұмық, күріш, макарон, күнбағыс майы, айран, сары май, сүт, тауық еті, сиыр еті, ұн және тұз сияқты 11 түрлі азық-түлік бағасын тұрақтандыру көзделген.
Қалада қант бағасын ұстап тұру үшін отандық өндірушілерден 4 500 тонна құмшекер сатып алынған. Өнім сауда желілеріне келісін 405 теңгеден жеткізіліп, үстіне 10 пайыздан аспайтын сауда үстемесі қосылады.
Алматыда арзан азық-түлік жәрмеңкелері қайда өтеді?
Қала тұрғындары әр сенбі және жексенбі күндері ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінен азық-түлікті нарықтағыдан төмен бағамен сатып ала алады.
Жәрмеңкелер алты ауданда өтеді:
* Бостандық ауданы – «Қазақфильм» шағынауданы;
* Әуезов ауданы – Рысқұлбеков көшесі, 33/2;
* Медеу ауданы – Меңдіқұлов және Бектұров көшелерінің қиылысы;
* Алмалы ауданы – Масаншы көшесі, Әйтеке би мен Гоголь көшелерінің аралығы;
* Жетісу ауданы – «Құлагер» шағынауданы;
* Түрксіб ауданы – Рысқұлов және Айтықов көшелерінің қиылысы.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің нақты бағасы, сатылатын дүкендер мен жәрмеңке мекенжайлары туралы толық ақпаратты almatyazyk.kz сайтынан білуге болады.




