"20 мың теңге": 8-наурызға арналған төлем кімдерге беріледі?
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 13:39
- 72
8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай кімдерге қанша төлем берілетіні белгілі болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бірқатар өңірде көпбалалы аналарға бір реттік төлем беріледі:
* "Алтын алқа" және "Күміс алқа";
* "Батыр ана" атағы;
* "Ана даңқы" I және II дәрежелі ордендері.
Елорда әкімдігі 8 наурызға орай біржолғы әлеуметтік көмекті шамамен 37 мың тұрғын алатынын хабарлады. Яғни, Астана мен Қарағандыда көпбалалы отбасылар (төрт және одан көп бала) мен аз қамтылған аналарға мөлшері - 2,5 АЕК, яғни 10 813 теңге көмек беріледі.
"Бұл төлем Астана мәслихатының 2023 жылғы 3 қазандағы №84/10-VIII шешімімен бекітілген, Астана жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қалада әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидасына сәйкес жүзеге асырылады", - деп хабарлады ведомство.
Ақмола облысы
Ақмола облысы әкімдігінің мәліметінше, "Алтын алқа", "Күміс алқамен" марапатталған көпбалалы аналар, бұрын "Батыр ана" атағын алғандар, сондай-ақ "Ана даңқы" I және II дәрежелі ордендерімен марапатталған жандар үшін мерекеге төлемдер қарастырылған. Көмек мөлшері ауданға байланысты болмақ.
Мөлшері - 2-ден 5 АЕК-ке дейін (8 650-ден 21 625 теңгеге дейін).
* 5 АЕК (21 625 теңге) - Көкшетау, Степногорск, Қосшы, Бурабай және Есіл аудандарында;
* 3 АЕК (12 975 теңге) - Аршалы, Біржан сал, Жақсы, Жарқайың, Зеренді және Целиноград аудандарында;
* 2 АЕК (8 650 теңге) - Сандықтау ауданында.
Қарағанды облысы
Қарағанды облысында 8 наурызға орай 25 042 адамды қамту жоспарланған. Көмектің жалпы сомасы 477,2 миллион теңге, оның ішінде 468,4 миллион теңге - жергілікті бюджеттен, 8,8 миллион теңге - бюджеттен тыс қаражат. 23 422 адам 20 000 теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек алады. Олар - "Алтын алқа", "Күміс алқамен" марапатталған көпбалалы аналар, "Батыр ана" атағы, "Ана даңқы" I және II дәрежелі ордендерінің иегерлері, сондай-ақ кәмелетке толмаған төрт және одан көп баласы бар көпбалалы отбасылар.
Төлем алушылардың көпшілігі Қарағанды - 8 832 адам, Теміртау - 3 000, Балқаш - 1 750 және облыстың бірқатар ауданы тұрғындары.
Ақшалай төлемнен бөлек:
* әлеуметтік осал топтар үшін мерекелік түскі ас - 366 адам;
* азық-түлік себетін тарату - 780 адам;
* шеберлік сабақтары, іс-шаралар мен сыйлықтар - 474 адамға қарастырылған.
Азық-түлік себеті:
* Қарағандыда - әлеуметтік көмек бөлімі үйде қызмет көрсетін жалғызбасты зейнеткерлерге;
* Ақтоғай ауданында - аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар адамдарға, зейнеткерлерге;
* Бұқар жырау ауданында - аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар адамдарға, зейнеткерлерге;
* Қарқаралы ауданында - әлеуметтік көмек бөлімі үйде қызмет көрсетін жалғызбасты зейнеткерлерге беріледі.
Бұл іс-шаралар бюджеттен тыс қаражат есебінен қаржыландырылады.
Маңғыстау облысы
Маңғыстау облысында 14 мың адамға 15 000 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек беріледі. Олар: "Алтын алқа", "Күміс алқамен" марапатталған, бұрын "Батыр ана" атағын алған немесе "Ана даңқы" I және II дәрежелі ордендері бар көпбалалы аналар.
Ұлытау облысы
Ұлытау облысында 8 наурызға арналған біржолғы көмек 20 000 теңге "Алтын алқа", "Күміс алқамен" марапатталған, бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ "Ана даңқы" I және II дәрежелі ордендері бар көпбалалы аналарға беріледі.
Әкімдік мәліметінше, бұл санатқа 9 375 ана кіреді. Төлем жасауға 187 500 000 теңге бөлінген.
Шымкент
Шымкентте 8 наурызға орай 5 АЕК көлемінде - 21 625 теңге біржолғы төлем қарастырылған. Әкімдік мәліметінше, 14 267 анаға қаржылай қолдау көрсету жоспарланып отыр. Қалада тұрақты тіркеуі бар және "Алтын алқа", "Күміс алқамен", "Батыр ана" атағымен, "Ана даңқы" I және II дәрежелі ордендерімен марапатталған әйелдерге беріледі.
Төлем алушылар тізімі "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының деректері негізінде жасалған. Қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді.




