Щучинсктегі дәмханадағы жарылыс: қаза тапқандардың саны 11-ге жетті
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 09:26
- 38
Щучинск қаласындағы “Центр плова” дәмханасында болған жарылыстан зардап шеккен тағы екі адам қайтыс болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ауданның денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек мәлімдеді.
Айтуынша, зардап шеккендер өте ауыр жағдайда болған.
“8 наурыз күні зардап шеккендердің бірі Авиценна-Бурабай стационарының жансақтау бөлімінде қайтыс болды. 9 наурызда Көкшетау қаласындағы көпсалалы облыстық ауруханада ем қабылдап жатқан тағы бір науқас көз жұмды. Дәрігерлер басқа зардап шеккендердің өмірі үшін әлі де күресіп жатыр. Олардың емделіп кетуі үшін барлық қажетті мамандар мен техникалық ресурстарды тартып, толық көлемде медициналық көмек көрсетіліп жатыр”, – деді облыстың бас дәрігері.
Бұған дейін жарылыстан зардап шеккен 9 адамның көз жұмғанын жазған едік.
Еске салайық, бұған дейін 26 ақпанда Ақмола облысы Щучинсктегі “Центр плова” дәмханасында газ-ауа қоспасы жарылып, арты өртке ұласты. Қайғылы оқиға салдарынан 7 адам қаза тауып, 26-сы жарақат алды.



