Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Әбдіхалық Тәжен: Азаматтық сана – мектептен басталып, мемлекет болашағына әсер етеді

Әбдіхалық Тәжен:  Азаматтық сана – мектептен басталып, мемлекет болашағына әсер етеді
IG/ 76mektep013
Шымкенттегі №76 мектеп директоры Әбдіхалық Тажен Жақсылықұлы азаматтық сана мен қоғамға белсенді қатысудың маңыздылығын айтты. Оның пікірінше, азаматтық сана – тек құқық талап ету емес, өз міндетін сезіну және өз ортасына бейжай қарамау. Мектеп қабырғасындағы тәрбие мен әлеуметтік тәжірибе – елдің болашағын қалыптастыратын алғашқы қадам.

 Шымкент қаласындағы Р.Мырзашев атындағы № 76 негізгі орта мектептің директоры Әбдіхалық Тәжен Жақсылықұлы азаматтық қоғам мен оның дамуының  ірге тасы мектепте қаланатынын түсіндірді. Әр оқушы осы мемлекеттің маңызды азаматымын деген түсінікке келген кезде қоғам дамиды, ілгері жылжиды, түрлі пікірлердің таласында қарапайым адамның мәселесі шешіліп, өмір сүру деңгейіне ықпал жасайды дейді ұстаз.

Білікті ұстаздың айтуынша, азаматтық қоғамды дамыту ең алдымен білім беру мен тәрбиеден басталады. «Азаматтық сана – бұл тек құқық талап ету емес, сонымен бірге өз міндеттеріңді сезіну. Бала кезінен бастап адам өз ортасына бейжай қарамауды үйренуі керек», – деп атап өтті Әбдіхалық Тәжен. 

Азаматтық қоғам дамыған елдерде жүйелі өзгерістердің байқалатынын да директор атап өтті.

«Мұндай қоғамда ашықтық артып, мемлекеттік институттарға деген сенім күшейеді. Халық пен билік арасында диалог орнайды. Әр азамат өзінің пікірінің маңызды екенін түсінеді, бұл елдің тұрақты дамуына тікелей әсер етеді», – дейді ол.

Сұхбат барысында Әбдіхалық Тажен Жақсылықұлы жеке тәжірибесіне де тоқталды. Ол қоғамға үлес қосуды қарапайым әрекеттерден бастағанын жеткізді

«Ең алдымен өз ісіңе адал болуың керек. Мұғалім ретінде тек білім беріп қана қоймай, балаларды адамгершілікке тәрбиелеуге тырыстым. Қоғамға үлес қосу – үлкен жобалардан емес, күнделікті іс-әрекеттен басталады. Мен оқушыларды қоғамдық, мемлекеттік өзгерістер, саяси жағдайлармен  ақпараттандыруға тырысамын. Өйткені осы елдің болашағы солардың қолында. Бүгінгі ахуал, ертеңгі тарих болып қалады. Сол сәтінде тарихи маңызды жайттарды біле өскен ұрпақ, ертеңгі өмірде оны таразылап, қандай да бір қорытынды, түйін алуға ұмтылады. "Менің ойым, сөзім не шешеді дейсің" деген түсініктен аулақтандыруымыз керек балаларды. Сен осы елдің болашағысың, сенің орның мен сөзің, айтар ұстанымың маңызды деп сауатты ұрпақтың жүзін өткірлеуіміз керек. Өйткені қазір әлемдегі саяси ахуал ауыр. Бұл үлкен әрі маңызды жайт. Қазақстанға экономикалық, әлеуметтік әсері бар. Оқушы болса да балалар соның маңыздылығын ұғынуы керек»,-дейді ұстаз.

Білікті ұстаз қоғамға бейжай қарайтын адамдарды өз өміріне немқұрайлы қараумен тең деп түсіндірді.

 «Кез келген адамды зиянкес деп айту дұрыс емес. Әркімнің өз өмірлік ұстанымы бар. Дегенмен, елдің болашағына бейжай қарамау – әр азаматтың борышы. Белсенділік болмаса, даму да баяулайды. Даму тоқтаған тұста тоқырау басталады. Қазақтың ұлт көсемдері аталар әңгімесінен бастау алып, бүтін қазақтың болашағына әсер еткен жайттарды балаларға түсіндіруге тырысамын. Жақында ғана Референдум болды. Балаларға оның мәні мен мағынасын түсіндіру жұмыстарын жасадық. Мейлі оларда дауыс беру құқығы болмасын. Бірақ ертең сол заңды пайдаланатын азаматтар қазірп мектеп қабырғасында. Қай заң қалай өзгеріп жатқанын талқыладық. бала арқылы үйдегі ересектердің саяси жайттарға араласуына түрткі болуға болады",-дейді ұстаз.

Әбдіхалық Таженнің сөзінше, азаматтық қоғамның негізі – білім, тәрбие және жауапкершілік. Мектептер мен білім беру мекемелерінің рөлі ерекше, өйткені ертеңгі елдің тағдыры бүгінгі оқушының көзқарасы мен әрекетіне байланысты қалыптасады.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар