Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Референдум-2026

Азаматтық қоғам – диалог пен дамудың басты құралы

Азаматтық қоғам – диалог пен дамудың басты құралы
Фото: freepik.com
Бүгінгі таңда азаматтық қоғамды дамыту мәселесі Қазақстан үшін өзекті тақырыпқа айналды. Біз KYN.KZ тілшісі ретінде осы тақырыпты зерттеп, қоғам мен билік арасындағы байланыс қалай жұмыс істейтінін сарапшылардан сұрап білдік.

Азаматтық қоғам – бұл тек сөз жүзінде ғана айтылатын ұғым емес, нақты іс-әрекет пен белсенділіктің көрінісі. Оның негізін үкіметтік емес ұйымдар, қауымдастықтар, бастамашыл топтар және белсенді азаматтардың бірлестіктері құрайды. Оларды кейде «үшінші сектор» деп атайды: бірінші сектор – мемлекет, екінші сектор – бизнес, үшінші сектор – коммерциялық емес, тек қоғам мүддесіне қызмет ететін ұйымдар. Мұндай ұйымдар билікпен диалог құрып, қоғамдық мәселелерді көтеруге және шешуге ықпал етеді.

А. Әбитұлы азаматтық қоғам елдің экономикалық дамуына, саяси тұрақтылығына және әлеуметтік көңіл-күйіне тікелей әсер ететінін айтады. 

«Мысалы, америкалық саясаттанушы Роберт Патнем Италияның солтүстігі мен оңтүстігін зерттегенде, солтүстіктегі азаматтық қоғам белсенді әрі ықпалды болғандықтан, экономикалық өсімнің жоғары екенін анықтаған. Яғни қоғамның белсенділігі мемлекет дамуындағы басты факторлардың бірі болып саналады», - дейді ол. 

Қазақстанда азаматтық қоғамның құрылымы кең: 22 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым, 3,7 мың діни бірлестік, 3,5 мың БАҚ, 234 қоғамдық кеңес және 36 салалық ұйым тіркелген. Бұл ұйымдар халықтың құқықтарын қорғаумен қатар, ағартушылық қызмет атқарады, азаматтарды демократиялық құндылықтарға тартуға тырысады.

«Жаңа Конституция жобасы да осы бағытты қолдайды. Жобада азаматтардың мемлекеттік шешімдерге қатысу мүмкіндігі кеңейтіліп, үкіметтік емес ұйымдардың ықпалы артады деп көрсетілген. Сарапшылардың айтуынша, бұл билік пен қоғам арасындағы диалогты нығайтып, демократиялық басқарудың ашық әрі тиімді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді», - дейді А. Әбитұлы. 

Қорыта айтқанда, азаматтық қоғам – тек ұйымдар мен заңдар ғана емес, әрбір азаматтың белсенділігі, ой-пікірі мен әрекеті арқылы дамиды. Бұл үрдіс билік пен халық арасындағы сенім мен серіктестікті арттырып, елдің тұрақты дамуына жол ашады.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар