Қазақстанда бұл проблема әлі де өзекті. Денсаулық сақтау саласының дерегіне сәйкес, 2024 жылдың басында психоактивті заттарды қолдану салдарынан түрлі диагнозбен 108 мыңнан астам адам медициналық бақылауда тұрған, оның ішінде 18 329 адам есірткіге тәуелдіболып тіркелген. Сонымен қатар тәуелділердің 91%-ын ер адамдар құрайды, ал 15%-ы – 18–29 жас аралығындағы жастар.
Құқық қорғау органдары да бұл бағытта күресті күшейтіп келеді. Мәселен, 2024 жылы Қазақстанда заңсыз айналымнан 3 тоннадан астам есірткі тәркіленіп, оның «қара нарықтағы» құны 36 миллиард теңгеден асқан. Сондай-ақ есірткі қылмыстары үшін 164 адам сотталған, ал ондаған халықаралық жеткізу арналары жойылған.
Бұл мәселе жөнінде Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Анжела Бексұлтанова есірткіге тәуелділік көбіне жастар арасында таралатынын атап өтеді. Оның пікірінше, мәселені тек жазалау арқылы емес, алдын алу шараларын күшейту арқылы шешуге болады. Яғни мектептерде түсіндіру жұмыстарын жүргізу, спорт пен мәдениетті дамыту, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру маңызды.
Кейс-стади ретінде жастар арасында кездесетін нақты жағдайларды айтуға болады. Мысалы, 20 жасында синтетикалық есірткіні қолдана бастаған Тахир есімді жас жігіт бастапқыда оны «достардың ұсынысымен» байқап көрген. Кейін тәуелділікке түсіп, жұмысынан айырылып, отбасымен қарым-қатынасы нашарлаған. Қазір ол ем қабылдап, қоғамға қайта бейімделуге тырысып жүр. Мұндай оқиғалар есірткінің адам өмірін қалай өзгертетінін айқын көрсетеді.
Тағы бір мысал – өңірлердегі жағдай. Солтүстік Қазақстан облысында бір жылдың ішінде 191 есірткі қылмысы тіркеліп, жарты тоннадан астам есірткі тәркіленген. Өңірде жүздеген адам тәуелді ретінде есепте тұр.
Қорытындылай келе, есірткіге қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Әр отбасы мен әр азамат жастарды дұрыс жолға бағыттап, зиянды әдеттерден сақтандыруға атсалысса ғана бұл мәселемен тиімді күресуге болады. Ең бастысы – алдын алу, білім беру және салауатты өмір салтын насихаттау.




