Айман Омарова: Әйелдер өз құқығын білген тұста, оларға ештеңе кедергі бола алмайды
- автор kyn.kz
- 24 наурыз, 2026
- 2.8k
Қазақстанда гендерлік теңдік заң жүзінде бекітілгенімен, шынайы өмірде айырмашылықтар әлі де байқалады. Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросы дерегіне сәйкес, әйелдердің жалақысы ерлерге қарағанда шамамен 25%-ға төмен. Ал басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі 30%-дан аспайды, деп хабарлайды KYN.KZ. тілшісі.
– Қазақстандағы гендерлік теңдіктің басты кедергісі неде? – деген сұрағымызға гендерлік саясат жөніндегі сарапшы Айман Омарова жауап берді:
– «Мәселе заңда емес, қоғамдағы көзқараста. Әйелдерге қатысты қалыптасқан стереотиптер олардың мансаптық өсуіне кедергі келтіреді. Әр әйел өз өміріне жауапты болған кезде қоғамда көптеген мәселелер шешіледі. Біріншіден әр әйел өз өміріне өзі жауапкершілікті алып үйренуі керек. Мәселен, қызбала мамандықты өзі таңдасын, күйеуді өзі таңдасын. Қанша баланы дүниеге әкелуді өзі әрине шамасына қарап, күйеуімен ақылдаса отырып шешсін. Бізде көп жағдайда әйелдердің өздері жауапкершіліктен қашатындай көрінеді. Себебі менің ойымша, жауапкершілікті күйеуге, басшыға, енеге ысыра салу ол сауатсыздық. Сондықтар әйелдер өз құқығын, алдымен өз қалауын анықтап алса өмір сүру де жеңіл. Сондай-ақ, әйел білімді болған кезде оны ешкім басынбайды. Ол өз құқығын біледі, бәрі оған тиісті қарым-қатынасты жасайды», – дейді ол.
Кейде әйелдер мамандығы бойынша еңбек етіп жүріп, тұрмысқа шыққаннан кейін басшылықтың құқығын таптаған жайттар кездеседі.Кейс ретінде Алматыдағы медиа саласында жұмыс істейтін Әсел есімді маманды айтуға болады. Ол декреттен кейін жұмысқа қайта орналасу қиын болғанын айтады. «Жұмыс берушілер әйелдің тұрақтылығына күмәнмен қарайды», – дейді ол.
"Мен баламен отырған демалыстан қайта ораламын дегенде басшылық жақтырмаған ыңғай танытты. Бірақ, мен өз құқығымды білемін. Басшылықтың жақтырмаған ыңғай танытқанына қарағаным жоқ. Құқығымды түсіндірдім, жұмысымды жауапкершілікпен атқарып жүрмін. Сондықтан ешқандай мәселе туындаған жоқ",-дейді жас ана.
Шалғай өңірлерде әйелдердің экономикалық және қоғамдық белсенділігі төмен, көбіне үй шаруасымен шектеледі. Бұл жағдайдың орын алуына түрлі факторлар түрткі бола алады.
– Бұл мәселені шешу үшін қандай нақты қадамдар қажет? – деген сұраққа Айман Омарова:
– «Білім беру, құқықтық сауаттылық және әйелдерді қолдау бағдарламалары күшеюі тиіс. Ең бастысы – қоғамдағы көзқарасты өзгерту керек», – деп атап өтті.
Жалпы, гендерлік теңдік – тек құқық мәселесі емес, ол қоғамның даму деңгейін көрсететін маңызды көрсеткіш. Дегенмен, ауыл-аймақтарда шаруасын дөңгелетіп, кей ер адамдардан артық табыс тауып, сол аймақтың қошеметіне бөленіп жұрген қыз-келіншектер де жетерлік.




