«Бетімнен ұрып, қолымды қайырды»: Жетісу облысында қария екі ұлынан қорлық көріп жүргенін айтып, көмек сұрады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 08:32
- 38
Жетісу облысы Ақсу ауданында екі ауыл тұрғыны өз әкесін ұрып-соқты және қорлады деген күдікке ілінді. 62 жастағы жергілікті тұрғын әлеуметтік желі арқылы қазақстандықтардан көмек сұрады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ер адамның айтуынша, ол екі ұлынан ұзақ уақыт бойы қорлық көріп келеді. Олар әкесінен ақша сұрап, ұрып-соғады екен.
“Менің төрт ұлым бар. Соның екеуі өз отбасымен бірге мен тұратын ауылда тұрады. Менен үнемі көмек сұрап, көбіне ақша талап етеді. Қазір заман қиын, менде ақша қайдан болсын? Қолымнан келгенше өсірдім, оқыттым, екеуі де есейген. Қыстың басында кезекті жанжалдан кейін ұлдарым мені ауылдың шетіне апарып, ұрып-соғып, жыртылған киіммен, аяғымда тек үй шәркейімен тастап кетті. Әупірімдеп үйге жеткен соң бір айға жуық ауырып жаттым”, – дейді қария.
Ол 2013 жылы отбасымен бірге Қытайдан Қазақстанға көшіп келген. Қазір ауылдағы шағын шеберханада етікші болып жұмыс істейді. Ұлдары жұмыс орнында да тыныштық көрсетпейтірін айтады. Тіпті терезелерін сындырып, құжаттарын тартып алған.
Қария бірнеше рет полицияға шағымданған. Құқық қорғау органдары екі ұлын жауапкершілікке тартқан. Олар сот шешімімен бір айға дейін қамауда болған. Қазір қария өзінен тартып алған құжаттарын іздеп жүр.
“Шарасыздықтан көмек сұрап отырмын. Мұндай жағдайдың ұят екенін түсінемін. Сонда мен қандай күнә жасадым? Бір жарым-екі жыл бұрын үшінші ұлым мені қорғаймын деп, пышақ жарақатын алды. Ал биыл ақпанда екі ұлым мені буындырып, бетімнен ұрып, қолымды қайырып жатты. Көрші араласпағанда не боларын білмеймін. Қазір екеуі тағы да қамауда. Бірақ олар босап шыққанда не боларын ойласам, қорқамын”, – дейді ол.
Полиция мәліметінше, ұрып-соғу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс бойынша 31 және 34 жастағы екі ұлы сот үкімімен кінәлі деп танылып, әрқайсысына қамау жазасы тағайындалған. Сонымен қатар сот олардың мінез-құлқына 3 ай мерзімге ерекше талаптар белгілеп, жәбірленушіге жақындауға тыйым салған. Қазір күдіктілер қамауда отыр. Бостандыққа шыққан соң олар профилактикалық есепке алынады.



