Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Алматыда Digital Наурыз: дәстүр мен технология тоғысқан мереке (Фото)

Алматыда Digital Наурыз: дәстүр мен технология тоғысқан мереке (Фото)
KYN KZ
14-наурыздан бастап қалада мәдени-рухани 200-ден астам шара өтеді.

Алматы қаласында биылғы Наурыз мейрамы ерекше форматта – заманауи технологиялар мен ұлттық дәстүрлер үйлесім тапқан ауқымды шаралармен атап өтіледі. Қала бойынша 200-ден астам мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, мегаполис тұрғындары мен қонақтарына ұмытылмас мерекелік көңіл күй сыйламақ.

Негізгі мерекелік бағдарламалар 21–23 наурыз аралығында өтеді. Басты алаңдар – Астана алаңы мен Абай алаңы. Бұл жерлерде халықтық серуендер, концерттер, көрмелер, ұлттық спорт ойындары, фестивальдер, ашық аспан астындағы караоке және балалар мен ересектерге арналған интерактивті бағдарламалар ұйымдастырылады. Театрландырылған қойылымдар мен цифрлық турлар да ұсынылып, әрбір келуші Наурыздың жаңару, бірлік пен үйлесім мерекесі ретіндегі мәнін терең сезіне алады.

Қаланың жаяу жүргіншілерге арналған аймақтары да мерекеден тыс қалмайды. Жібек жолы мен Панфилов көшелерінде қолөнершілер жәрмеңкесі, кітап фестивалі, заманауи цифрлық және роботтандырылған көрмелер өтеді. Бұл алаңдар дәстүр мен инновацияның тоғысқан орталығына айналады.

Биыл мерекеге дайындық ерекше деңгейде жүргізілген. Алматы қаласы бірыңғай стильде безендіріліп, көшелер мен алаңдар ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен, тақырыптық инсталляциялармен және сәндік элементтермен көркейтілген. Ұлттық музыкалық аспаптар түріндегі арт-нысандар қаланың мәдени келбетін айшықтай түседі.

Астана алаңындағы негізгі шаралар

21–23 наурыз күндері Астана алаңында ірі концерттік бағдарламалар өтеді. «Төрлет әз-Наурыз» атты басты концертте «Музарт» тобы, Нұржан Керменбаев, Жұлдыз Өмірғали және басқа да танымал өнер жұлдыздары өнер көрсетеді. Сонымен қатар «Сазген сазы» ансамблі, «Алатау» дәстүрлі өнер театры және «Жаңа ғасыр» театрының қойылымдары ұсынылады. Кешкі уақытта «Nauryz Duman» мерекелік концерті ұйымдастырылады.

22–23 наурыз күндері де қала аудандарының концерттері мен эстрада жұлдыздарының қатысуымен музыкалық бағдарламалар жалғасады.

Алматы музейінің Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты бірлестіктің жетекшісі Жаналиева Кәмшат ханым Астана алаңына  тігілген киіз үйлердің іші тақырыпқа сай толтырылып жатқанын айтты.

Алаңда алты тақырыптық киіз үй тігіліп, әрқайсысы қазақ халқының мәдениеті мен заманауи жетістіктерін таныстырады. Мұнда ұлттық музыкалық аспаптар көрмесі, робототехника жетістіктері, жасанды интеллект жобалары, 360° форматындағы мультимедиялық кеңістік, «Алтын адамның» ғылыми реконструкциясы, этно-дизайн және дәстүрлі тұрмыс көріністері ұсынылады.

 

Абай алаңындағы мерекелік бағдарлама

21–23 наурыз аралығында Абай алаңында да мәдени, ойын-сауық және спорттық іс-шаралар өтеді. Концерттерге отандық және заманауи орындаушылар қатысады. Сонымен қатар түркі халықтарының көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылып, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстан шеберлерінің қолөнер бұйымдары таныстырылады.

Абай алаңында түрлі елдің қолөнершілері өз туындыларын көрмеге шығарады. Қалаған адам сатып алып, кәдесіне жаратады.

Жібек жолы – Панфилов аймағындағы ерекше формат

Бұл аумақта мереке күндері Robo-диджейдің өнер көрсетуі, «NAURYZ: Qazaq Sound» концерті және «Dream Light» жарық шоуы өтеді. Сондай-ақ «КітапФест-2026» кітап фестивалі ұйымдастырылып, 40 баспаның өнімдері, әдеби кездесулер мен шеберлік сабақтары ұсынылады.

Мұнда LED-экрандар арқылы «Жеті қазына» тақырыбы таныстырылып, «Almaty AI – Болашаққа саяхат» жарық туннелі орнатылады. Сонымен қатар ашық аспан астында «Халықтық караоке» ұйымдастырылады.

Биылғы Наурыз Алматыда дәстүрлі мерекеден жаңа деңгейге көтеріліп, цифрлық технологиялармен толыққан заманауи форматта өтпек. Бұл – ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, оларды жаңа көзқараспен танытудың жарқын үлгісі.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар