Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

"Жүргізуші куәлігі болуы міндетті": шілде айынан бастап электрсамокат жүргізу ережесі күшіне енеді

"Жүргізуші куәлігі болуы міндетті": шілде айынан бастап электрсамокат жүргізу ережесі күшіне енеді
Сурет: infotrans.by
Жыл басынан бері самокат себеп болған алты жол апаты тіркелген.

Жер кебе салысымен, самокат мәселесі тағы күн тәртібіне шықты. Бұл түйткіл қанша көтерілсе де, әзірге нақты нәтижесін бермей отыр. Қос дөңгелекті құрал әлі де Алматы көшелерінде бейберекет шашылып жатыр. Енді самокат жүргізу еріккеннің ермегі болмайды. Жаңа талапқа сай, оны жүргізетін азаматтың жасы 18-ден кем болмауы керек және оның жүргізуші куәлігі болуы міндетті. Заң биыл шілде айынан бастап күшіне енеді. Ал мәселе оған дейін басы ашық күйде, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.

Күннің көзі көрінсе болды, Алматыда электрсамокат тізгіндегендердің қарасы қалыңдап, жол апаты да жиілейді. Жылдамдықты асырып, жаяу жүргіншіге қауіп төндіретін де аз емес. Бір самокатқа қосақтап мінгесіп алатындар да бар.

«Адамдар жүретін жермен жүреді. Кейде сигналдарын да баспайды. Қағып кетейін деген де жағдай болып жатады. Менің көз алдымда Байтұрсынов пен Гоголь көшелерінде үш жол апаты болған. Автобусқа қарамай, алдынан самокат шыға келген. Сондықтан мен самокаттың жүргеніне барынша қарсымын», - дейді Сая Куатова.

«Қазір әр адам телефон нөмірі мен банк картасын тіркеп, самокатты пайдалана алады. Жасы қанша екеніне қарамастан, балалар да біреудің атына тіркеліп мініп жүр. Соның кесірінен соқтығысу көбейіп кетті. Көпшілік самокатты ұқыпсыз айдайды, жол ережесін сақтамайды. Мұндай тәртіпсіздікті қолдамаймыз», - дейді Даниил Фатеев.

Жыл басынан бері самокат себеп болған алты жол апаты тіркеліпті. Соның салдарынан жеті адам жарақат алған. 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа ережелерге сәйкес, самокатты басқару үшін жүргізуші куәлігі қажет, азаматтың жасы міндетті түрде 18-ден асуы тиіс. Сайып келгенде, мұның бәрі жол қауіпсіздігі мен тұрғындардың сақтығы үшін бағытталған, - дейді полиция департаменті.

«Кикшеринг компанияларына қойылатын талаптар жаңартылуда. Ең бастысы, самокаттарына нөмір тағуға және жалға алған адамның жүргізуші куәлігін растауға, сақтандыру полисі болуға тиісті және электрсмокатқа жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынады. Жылдамдық бойынша да тыйым салынады», - дейді Алматы қаласы ПД өкілі Айдын Меркімбаев.

Ереже сақталмаған жағдайда айыппұл салынады. Яғни жол қозғалысы ережесін пайдаланушының өзі бұзып, оны инспектор тоқтатса, жауапкершілік тікелей жүргізушіге жүктеледі. Ал заңды бұзғаны бейнебақылау камерасына тіркелсе, айыппұл алдымен самокатты жалға берген компанияға жіберіледі. Кейін олар кінәлі азаматты анықтап, өздері тиісті шара қолданады.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар