Қазақ асханасы деген кезде көз алдымызға асылған ет, бауырсақ және қуырдақ елестейтіні рас. Алайда тарихы тереңде жатқан халықтың асханасы 3-4 тағам шектелуі әсте мүмкін емес. Этнограф мамандардың айтуы бойынша қазақтың асханасы мыңнан асатын әртүрлі ерекше тағамдардан тұрады. Оның көбі күнделікті тұрмыста жиі қолданылмағандықтан ұмыт қалды.
"Дәстүрлі қазақ тағамдары негізінен ет және ет өнімдерінен - қазы, карта, қуырдақтан тұрды. Содан кейін барлық түрдегі сүт өнімдері және дәнді дақылдар - тары мен бидай бар. Уақыт өте келе барлық қыстақтарда дәнді дақылдар өсірілді", дейді Шоқан Уәлиханов атындағы тарих институтының жетекші ғылыми қызметкері Салтанат Асанова
Иә, халықымыздың өмір сүру салты өзгерді. Десе де қазіргі таңда қазақстандықтардың қазақы стилден бөлек тарихи тағамдарға да қызығушылық арта бастады. Еліміздегі этно-кафелер мен ресторандардың көбеюі де мұның дәлелі бола алады. Ұмыт қалған тарихи астардың бірнешеуін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Үлпершек
Үлпершек – жылқының жүрегінен дайындалады. Бір ерекшелігі дайындалмас бұрын бір ай бойы ұнға салынады. Бұл тағам туралы халық арасында аңыз да бар. Қыз бала тұрмысқа шыққан соң әкесі күйеу жігіттің ауылына қонақтардың қолына осы тағамды ұстатып жібереді. Мұны көрген қыз қай жерде болмасын әрдайым ата-анасының жүрегінде екенін түсінеді.
Үлпершекті дайындау кез келген адамның қолынан келе бермейді. Өйткені жылқының жүрегін пісірген кезде қатты болып кетеді. Оны жұмсарту үшін барлық қанын сығып алу керек. Кітап беттері секілді қылып бірнеше жерінен тілген соң ішіне қой еті мен бауыр салынады. Мұның бәрін тұздап, бұрыштап арнайы жіппен байлағаннан кейін ұн салынған сөмкеге салынып, салқын жерде бір айға қалдырылады. Содан соң фольга қағазына орап пешке пісіреді.
Бал-қуырдақ
Бала кезінен бері барлығы қуырдақты тек майдалап туралған ет кесектерінен, ішек пен картоптан дайындалатынына көз үйренген. Көбіне қуырдақ мал сойылған кезде дайындалады. Ал бал-қуырдақтың ерекшелігі – қолдың қаймағы мен қой етінен жасалуында. Мұның дәмі әдеттегі қуырдақтан басқаша, сәл тәтті болып келеді.
Көмбе
Тағамның атауы дайындау тәсіліне байланысты қойылса керек. Бұл тағам жанып шоқтанған тезекке көму арқылы пісіріледі. Алайда қазіргі таңда үлкен құмыраға ұқсайтын пеште дайындайды. Пешке тастар, көмір, отын төселеді, от жағылады, содан кейін қойдың аяғы немесе ұшаның басқа бөлігі көмірдің үстіне ілінеді. Көмбе тағамы шамамен 2 сағатта дайын болады.




