"Ол біздің жалғыз асыраушымыз": блогер Әділетхан Молдаханның әйелі Тоқаевтан көмек сұрады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 12:02
- 17
Он күнге қамауға алынған заңгер, блогер Әділетхан Молдаханның жұбайы Бақыт Мұсабекова президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Әйелінің айтуынша, Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша іс қозғалып, 10 тәулікке қамалған заңгердің ісіне қатысты ресми органдар тарапынан нақты әрі толық ақпарат бермей отыр.
"Бір күн бұрын үйде отырған жерінде Әділетхан Молдаханды белгісіз адамдар алып кетті. Біз соттан үй қамауына жіберіңіз деп сұрадық. Бірақ жібермеді. Қазір апелляциялық сотты күтудеміз. Оң нәтиже шығып, тым құрығанда үй қамаққа ауыстырады деген үмітіміз зор. Себебі тұрақты мекен-жайымыз бар. Ол біздің жалғыз асыраушымыз болған. Қазір оған жалған ақпарат таратты деп жатыр. Егер ол жалған мәлімет таратқан болса, жоғарыда отырған басшылар не себепті жұмыстан шығады?! Біз анық-қанығын білмей отырмыз. Әділдік орнап, Әділетхан аман-есен ортамызға оралады деп ойдамыз", – деді Бақыт Мұсабекова.
Айта кетсек, бұған дейін Әділетхан Молдахан Алматыдағы әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты мәлімдеме жасаған болатын. Ол өз сөзінде оқиға болған түні бірнеше көлік қатысқан заңсыз жарыс ұйымдастырылғанын айтқан.
Қазір іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.


