Ақтөбеде дәрігерлер ота жасаған науқастың тамағынан дәкені алып тастауды ұмытып кеткен (ВИДЕО)
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 09:24
- 47
Ақтөбеде дәрігерлер операция жасау үстінде науқастың денесінде дәкені ұмытып кеткен. Ер адам тамағындағы дәкені бірнеше айдан кейін өзі алып тастаған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Айтуынша, бұл бөгде зат 2023 жылы жасалған отадан кейін қалып қойған көрінеді.
Сол кезде науқасқа мойын омыртқасына протез қойылып, жарығы алынған. Алайда арада бірнеше апта өткен соң жарасы қабынып, қызарып, іріңдей бастаған. Ауырсыну күшейгеннен кейін ол жарасын өзі ашып, ішінен дәкені шығарып алған. Ер адам бұл сәтті видеоға да түсірген.
Сараптама нәтижесінде операция кезінде бөгде заттың қалып кеткені расталған. Осыған байланысты 2024 жылы қылмыстық іс қозғалған. Алайда кейін іс «құқық бұзушылық құрамы жоқ» деген негізбен тоқтатылған. Қайта тергеу жүргізілгенімен, іс тағы да жабылыпты.
Ал дәрігерлер пациенттің әртүрлі медициналық мекемелерде ем алғанын алға тартып, мұндай дәке операция барысында қолданылмайтынын мәлімдеген.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдай дәрігерлердің әрекетіне қатысы жоқ деп танып, істі түпкілікті жапқан. Ал ер адам шешіммен келіспей, қайтадан шағым түсіретінін айтты.




